Алматыда пәтер жөндеу құны Мәскеуден де қымбат

Жарияланды 7 Қараша 2024 15:11

Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Тұрғын үй құрылысы немесе пәтер жөндеу құны қанша тұрады? / Фото: shutterstock

2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Алматыда пәтерді жөндеу құны бір шаршы метрге 49,88 мың теңгені құрады. Бұл Мәскеуден 3,1% қымбат, бірақ Санкт-Петербордан 4,1% төмен, деп жазады INFOLine сарапшылары.

Қазақстанның құрылыс нарығында импортқа тәуелділік жоғары. Бұл баға өсіміне айтарлықтай әсер етеді. Трансшекаралық жеткізілімнің негізгі көлемі яғни, 41,9%-ы Ресейге тиесілі. Материалдың 23,8%-ы Қытайдан, 5,8%-ы Өзбекстаннан әкелінеді.

Сонымен қатар, 2023 жылы құрылыс материалдары импортының көлемі 4%-ға азайып, 1,18 млрд долларға жетті. Бұл елде өндіріс қарқыны артқанын көрсетеді. Ірі жобалардың қатарында Алматы облысында жылу оқшаулағыш материалын шығаратын және Қарағанды ​​облысындағы минералды мақта өндіретін зауыттар бар. Сонымен қатар Шымкенттегі қытайлық инвесторлардың тастан жасалған бұйымдар өндіретін зауытын атап өтуге болады.

Дегенмен, 2024 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда құрылыс материалдарының бағасы 7%-ға өсті.

Құрылыс саласына келетін болсақ, бір шаршы метр тұрғын үй құрылысының орташа нақты құны қаңтар-қыркүйек айларында 6,4%-ға өсіп, 190,1 мың теңгені құрады. Тұрғын үйді пайдалануға берудің жалпы 6,2%-ға 12,4 млн шаршы метрге дейін өскеніне қарамастан кейбір облыстарда, атап айтқанда Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында көрсеткіштің төмендеуі байқалады.

Еске сала кетсек, жуырда «Курсив» Қазақстанның тұрғын үй нарығы туралы мақала жариялаған болатын. Онда нарықты қандай өзгеріс күтіп тұр, 2025 жылы құрылыс қарқыны төмендеуі мүмкін бе? деген сұрақтарға жауап табуға тырыстық.

Сонымен қатар 4 қарашада Алматы қаласында пәтер алу қауіпті тұрғын үй кешендерінің тізімі жарияланған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз