Киіктерді қорғауға бағытталған «Алтын Дала» бастамасы әлемдік экологиялық сыйлыққа ие болды
Қазақстанның дала экожүйелерін қорғауға бағытталған «Алтын Дала» бастамасы 2024 жылы The Earthshot Prize сыйлығының «Табиғатты қорғау және қалпына келтіру» номинациясында жеңіске жетті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, бұл марапат Қазақстанда киіктердің санын қалпына келтіру мен табиғи қорық аумақтарын кеңейтудегі ерекше жетістіктері үшін берілді.
«Алтын Дала» бағдарламасы 2005 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК), «Fauna & Flora International», Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS) және Корольдік құстарды қорғау қоғамының (RSPB) ұзақ мерзімді серіктестігі ретінде құрылған. Бұл серіктестіктің басты мақсаты – Қазақстанның далаларын сақтау және киік популяциясын қалпына келтіру.
Жоба аясында қорғалатын аумақтарды құру және кеңейту, сирек кездесетін түрлердің популяциясын қалпына келтіру, сондай-ақ браконьерлікпен күрес бойынша ауқымды шаралар қабылданды. Нәтижесінде, Қазақстандағы киік саны 2003 жылғы 21 000-нан 2024 жылы 2,8 миллионға дейін өсті. Бұл көрсеткіш әлемдегі сүтқоректілерді қалпына келтірудің ең табысты мысалдарының бірі болды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев:
«Министрлік пен біздің серіктестеріміздің бірлескен күш-жігері әлемдік деңгейде мойындалғанына қуаныштымыз. Бұл сыйлық Қазақстанда табиғатты қорғау бастамаларын кеңейтуге септігін тигізеді», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, «Алтын Дала» бағдарламасы аясында киіктен бөлек, сирек және жойылып бара жатқан түрлер, соның ішінде дала бүркіт, ақсұңқар және құланның популяцияларын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Еске сала кетейік, Киіктердің ауыл шаруашылығына 10-12 млрд теңге шығын келген. Бірақ ел Үкіметі оларды атудың орнына, ауылдар мен шаруа қожалықтарын қорғауға көмектесу туралы шешім қабылдады. Себебі әлемдік ақбөкен популяцияның 99%-ы Қазақстанда мекендейді.