Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповтың айтуынша, бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, кінәсі делелденген жағдайда заң алдында жауап береді.
«Егер қылмыстық іс қозғалып, қарауға түссе, ол заң бойынша қатаң түрде қаралады. Бізде «бұрынғы» немесе «қазіргі қызметтегі судья» деген ұғым жоқ, заң алдында бәрі тең» – деп атап өтті.
Экс-судья Светлана Жолманова 9 қазан күні қамауға алынған еді. Алматы қалалық полицияның мәліметінше Жолманова алаяқтық дерегі бойынша ұсталды.
Медеу аудандық полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті полицияға жеткізілді. Тергеу шаралары жүргізілуде»,- деп хабарлаған Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Жолманова бұған дейін де екі рет күдікті ретінде танылған. Алайда, екі рет сотқа ісі жолданғанымен Бас прокуратура екі іс бойынша да экс-судьяның кінәсін айғақтайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеп, істі тоқтатқан.
2021 жылдың көктемінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы қызметінде жүрген кезде де алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. ҰҚК сол кезде Жолманованың кабинетінде тінту жүргізіп, 10 мың доллар көлемінде ақша тауып алған. Ол бұл қаражатты «мүдделі тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға көмектескен, алаяқтық әрекеттерді жасаған» деп күдіктелді. Тінту жүргізген күні ертеңінде Жоғары сот оны бар мәртебесінен айырды. Ал мамырда Тоқаевтың жарлығымен қызметінен босады.