Сенат депутат Андрей Лукин Абай облысының Курчатов қаласында АЭС-ті салуды ұсынды. Бұл жайлы депутат Сенат отырысында премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында айтты.
Лукин Семей ядролық полигонында сынақ жүргізілген тұста Курчатов қаласында атом энергетика саласына қатысты біршама ғылыми орталықтар жұмыс істегенін айтады. Сол орталықтар әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді және қала бюджетінің тең жартысы осы ғылыми нысандардың салықтық түсімдерімен толығады. Депутат ғылыми орталықтардың осы мүмкіндіктерін АЭС салуда тиімді пайдалану қажет деп санайды.
«Атомдық энергетика саласын дамытуда Курчатов қаласының рөлі зор болмақ. Мұнда атом энергетикасын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Болашақта осы аумақта атом электр станциясын салуға болады деп санаймын. Ол үшін Курчатов маңында дамыған желілік инфрақұрылым бар және энергетикалық қуатты апаттық жағдайда резервке алу мүмкіндігі де жоғары. Сонымен бірге атом электр станцияларын салу мен пайдалануды ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған»,- деді Лукин.
Депутат сонымен бірге қаланың сейсмикалық тұрақты аймақта орналасқанын атап өтіп, бұл маңда радиоактивті қалдықтарды сақтаудың әлеуетті ресурстары бар екенін және су тапшылығы туындамайтынын айтты.
Сонымен бірге сынақ полигоны тұсында салынған ғылыми орталықтарда әлі күнге дейін әлемде баламасы жоқ қондырғылардың жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
«Ондағы қондырғылардың әлем бойынша баламасы жоқ. Зерттеу ядролық реакторы, қазақстандық термоядролық токамак сынды қондырғылар әлі де жұмыс істеп тұр»,- дейді депутат.
Осыған орай сенатор премьер-министрден бұл моноқалаға ғылыми қалашық мәртебесін беруді, ондағы ғылыми орталықтарға қолдау көрсетіп, инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасауды сұрады.
«Курчатовты ғылыми қалашыққа айналдыру керек. Яғни қала жоғары технологияларға негізделген технополиске айнала алады. Қалаға ғылыми қалашық мәртебесін беру тек қаланың ғана емес, ондағы ғылыми орталықтардың да дамуына оң әсер етеді»,- деді Лукин.
Айта кетейік, Семей полигоны Курчатов қаласынан батысқа қарай орналасқан. Полигон мен қала арасындағы қашықтық шамамен 50 шақырымды құрайды.