Қазақстанда 62 мың жетім үй кезегінде тұр. Жыл сайын олардың 800-і ғана баспана алады

Жарияланды
жетім балаларға
Депутат жетім балаларға қолдау көрсету қажет екенін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда 62 мыңнан астам жетім үй кезегінде тұр. Жыл сайын олардың тек 800-ге жуығы ғана баспаналы болады екен. Бұл жайлы Сенат депутаты Геннадий Шиповских айтты.

«Біз о бастан жетімін далада қалдырмаған, жесірін қаңғыртпаған елдің ұрпағымыз. Бүгінгі күні осы айнымас дәстүрімізден жаңылған жеріміз жоқ. Үкімет тарапынан жетімдерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Десек те «жетімдеріміз сол қолдауды алу барысында қандай қиындықтарға тап болады және көрсетілген қолдау жеткілікті ме?» деген сұрақ туындайды»,- деді депутат.

Айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға баспана алуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер қарастырылған. Десе де, баспаналы болып жатқан жетімдер саны өте аз.

Мәселен, 2022 жылы шекті жасқа толған балалардың 61 471-і мемлекттік тұрғын үй қорында кезекте тұрған. Солардың тек 852-і баспана алған. Ал 2023 жылы кезекте тұрған 62 290 азаматтың 809-ы ғана баспанаға қол жеткізген.

Одан бөлек, жетім балалардың жоғары оқу орнына түсуі мен жұмысқа орналасу көрсеткіштері де көңіл көншітпейтінін айтады. 2024 жылы мансап орталықтарының квотасы шеңберінде барлығы 4275 адам жұмысқа орналасқан. Оның 85-і ғана жетімдер екен. Ал жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылған, оның небары 56-сы ғана жетім балалар.

«Мектеп бітіргеннен кейін жетім балалар бұрынғы тәрбие алған орнымен қоштасады. Бұл кезеңде жетімдердің бірқатары бастарын тауға да тасқа да соғып, не істерін білмей дал болады. Сол үшін жетім балалардың колледждер мен ЖОО-ларға түсу үшін грант квотасын көбейту аса маңызды»,- дейді сенатор.

Осыған орай депутат шекті жасқа жеткен жетім балалардың баспана кезегінің бірнеше жылдарға созылып кетуіне байланысты арнайы баспана бағдарламасы мен жұмыс алгоритмін әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ жастайынан тағдыр тәлкегіне түскен жетімдерге оқу орнынан кейінгі арнайы жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленуі керек деп санайды.

«Бұл мәселені көтеру себебім өзім де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінің тәрбиесін көрдім және бұл мәселелерді іштен білем»- дейді Шиповских.

Еске сала кетейік, тамызда Астана прокурорлары 200-ден астам жетім баланың құқығы тапталғанын анықтаған болатын. Уәкілетті орган жетім балалардың он төрт жасқа толмағанын негізге алып, баспана кезегіне тіркемеген. Осылайша мемлекеттік мекеменің  «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 71-бабын бұзған.

Сондай-ақ оқыңыз