Антикор мүгедектерге тиесілі 115 млн теңгені өзінің банк картасына аударып алған қор басшысын ұстады
Саңыраулар қоғамына қарасты «Шығыс» корпоративтік қорының басшысы ұсталды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оған алаяқтық жасады деп айып тағып отыр.
Қызырлы органның мәліметінше, ол «мүгедектерге ымдау тілі мамандары сурдоаударма қызметін көрсетті» деп рәсімдеп, осы мақсатқа бюджеттен бөлінген 115 млн теңгені өзінің банк картасына аударып алған.
«Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстік 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, сот үкімі шықпайынша, күдік келтірілген әрбір адам кінәсіз деп есептеледі. Өйткені, бұл ереже Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасында және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігінде көрсетілген.
Сонымен қатар, агенттік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерінің сотталғанын хабарлады. Олар – №17 мекеменің орынбасары мен аға инспекторы. Шендеріне келсек, бірі – әділет майоры, бірі – лейтенант.
Бұлар тұрғын үй комиссиясына жылжымайтын мүліктің жоқтығы жайлы жалған мәлімет берген. Осылайша, бюджетке тиесілі 5,8 млн теңгені қолды еткен.
Сот 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға жаза кескен. Және олар енді өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқара алмайтын болды. Сонымен қатар, барлық шендерінен, атақ, марапаттарынан айырылды.