Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қарсы алды.
Сергей Лавровтың айтуынша, екі ел көпжақты ықпалдастық, сондай-ақ алдағы сапардың күн тәртібін пысықтап жатыр. Бұл мәселелерді Қазақстан мен Ресей үкіметтері мен сыртқы істер министрліктері егжей-тегжейлі қарастырмақ.
Лавров Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 80 жылдығына орай Астанада ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Оның сөзіне қарағанда, бұл жиын дипломатиялық ортада және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыға түскен.
Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сергей Лавров көпжақты құрылым, интеграциялық бірлестіктер аясындағы серіктестіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасқан.