Алматы облысынан сайланған Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев «Хуторлық бригаданың» басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевпен туыстығы бар екенін айтты.
Tengrinews.kz хабарлауынша, сенатор әлеуметтік желіде «ағайынды Хасан және Аслан Қасымбаевтардың тірегі күшті, қылмыстық іске де, қызметіне қайта оралуға да ықпал етуі мүмкін» деген ақпараттарға түсіктеме берген.
«Иә, «Талғар ауданында тұратын Қасымбаевтарға байланысты жағдайға мені қандай да бір ықпалын жасайды» деген сөздерді әлеуметтік желідегі жарияланымдар мен бейнежазбалардан көрдім. Мен ешкімге хабарласқаным жоқ. Талғар ауданы аппаратының бұрынғы басшысы Аслан Қасымбаевтың қызметін сақтап қалсын деп ешқандай қадам жасаған емеспін. Мұны ресми түрде жариялағым келеді. Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу барысында ешқандай ықпалым жоқ, ықпал етуге ұмтылған да емеспін», – деді сенатор.
Жанболат Жөргенбаевтің айтуынша, Қасымбаевтар оның алыс туысы болып келеді.
«Қазақтардың туыстары көп болатынын өздеріңіз де білесіздер. Бірақ біз жақын араласқанымыз жоқ. Алыс-жақын туыстар түгел бас қосатын тойлар мен жаназаларда көрісетінбіз», – деді сенатор.
Жанболат Жөргенбаев өзі туралы айтылып жатқан сөздерді «жала» деп атап, сотқа беруге құқығы бар екенін алға тартты.
Мұның алдында «хуторлық бригада» атты ұйымдасқан қылмыстық тобы туралы сыбыс талғарлық Шерзат Болаттың өлімінен кейін әлеуметтік желіде тарады. Оның басшысы деп аталған Хасан Қасымбаев басқа қылмыстық іс бойынша, «адам ұрлау», «денсаулыққа қасақана ауыр зиын келтіру» деген айыппен екі айға қамауға алынды. Хасанның ағасы Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен кетті. Олардың бір туысы сенатор екені туралы да түрлі ақпарат тарады.