Алматы облысы қылмыстық құқық бұзушылық тұрғысынан Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші орында тұр. Биыл Алматыда – 21 200, Астанада – 16 045, ал Алматы облысында 9 260 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Qamqor.gov.kz сайтының құқықтың статистикасына жүгінсек, екі мегаполисті есептемегенде, республика бойынша Алматы облысы қылмыстық іс бойынша көш бастап тұр. Оның да өзіндік себебі бар. Алып шаһар Алматының іргесіндегі халық тығыз орналасқан Қарасай мен Талғар аудандары облыстың қылмыстық статистикасын көтеріп тұр.
Айталық, Алматы облысында ең қылмыс көп тіркелген – Қарасай ауданы. Онда 2024 жылы 2610 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 1912 іспен Талғар ауданы екінші орында тұр. Осы екі ауданда тіркелген қылмыстардың санын өз алдына бөліп қарастырғанның өзінде, бір ғана Ұлытау облысының көрсеткішінен асып жығылады. Бұл аймақта небәрі 1253 іс тіркеліпті. Ұлытау еліміздегі қылмыс ең аз тіркелетін өңір болып отыр. Ал Алматы облысында ең тәртіпті, заңды бұзбайтын аудан – Кеген. Онда небәрі 66 іс тергеуге жіберіліпті.
Десе де, Қарасай мен Талғардағы қылмыстар санын қарастырғанда, екі ауданның халық санын да ескерген жөн. 2022 жылғы дерек бойынша, Қарасай ауданында 323 151 адам, ал Талғар ауданында 237 869 адам тұрады.
Талғар ауданында соңғы он жылда тіркелген қылмыстардың саны статистика бойынша біршама азайған. 2015 жылдан 2019 жылға дейін жыл сайын 3 мыңнан аса қылмыс тіркеліп келген. 2020 жылдан бері тіркелген қылмыстардың саны біршама төмендейді. 2022 жылға дейінгі көрсеткіш – жыл сайын 1750 іс шамасында. Соңғы екі жылда қайта көбейе түскені аңғарылады. Мәселен, 2023 жылы – 1851, 2024 жылы 1912 қылмыс тіркелген.
Ал Қарасай ауданында 2015 жылы 4 мыңға жуық іс тіркелген. 2020 жылдарға қарай бұл көрсеткіш 2 мыңға дейін азайды. Бірақ 2024 жылы 3 мыңға дейін қайта көтерілген.
Статистика бойынша ауыр қылмыстар 4 дәрежеге жіктеліп көрсетіледі: ауырлығы аздау, орташа, ауыр, аса ауыр. Жалпы алғанда, 2015 жылы Талғарда 2712, Қарасайда 3453 ауыр қылмыс түрлері тіркелген. Одан кейінгі жылдары екі ауданда тіркелген ауыр қылмыстардың саны шамалас. Талғар ауданында 2015 жылдан 2019-ға дейін жыл сайын 450-ге жуық ауырлығы аз қылмыс жасалған. Орташа істер 2000 үстінде. Сосын жыл сайын 200-ден аса ауыр қылмыс жасалса, ауыр қылмыстар 15-ке жуық.
2020 жылдан беріде ауырлығы аз қылмыс біршама төмендегенімен, ауыр, аса ауыр қылмыстардың саны екі есеге дейін өсіп отыр. 2020 – 2023 жылдар аралығында ауыр қылмыстың саны 500-ден асып жығылды. Статистика бойынша, Қарасай ауданда ауыр қылмыстардың саны тұрақты. Ауырлығы аз қылмыстар бойынша, соңғы он жылда жыл сайын 400-дей іс тіркелсе, орташа істердің үлесі 700-бен 1458-дің арасында құбылады. Ауыр қылмыстардың саны соңғы он жылда 202 істен (2016 жыл) 688-ге (2024 жыл) дейін артқаны байқалады.
Айталық, Талғар ауданында 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін 62 адам, Қарасай ауданында 92 адам кісі қолынан қаза тапқан.