Банк пен қаржы

Миллиардер Владимир Кимге тиесілі Bank RBK таза пайдасын 30 пайызға арттырды

Фото: kursiv.media

Миллиардер Владимир Кимге тиесілі Bank RBK 2024 жылдың тоғыз айында қаржы көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқан. Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, банктің таза пайдасы 2023 жылдың 9 айындағы 33,4 млрд теңгеден 30,6%-ға өсіп, 43,6 млрд теңгені құрады.

Активтері мен міндеттемелері қандай?

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қаржы ұйымының жиынтық активтері де, міндеттемедері мен жеке капиталы да біршама артқан. Соның ішінде:

  • активтері 6,7% өсіп, 2,18 трлн теңгеге;
  • Міндеттемелері 5,7%-ға өсіп, 1,98 трлн теңгеге;
  • Капиталы 18%-ға артып, 193 млрд теңгеге жеткен.

Қанша несие берген?

2024 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша банк 1,28 трлн теңге көлемінде несие берген. Соның ішінде корпоративтік секторға берген кредитінің үлесі барсым. Соның ішінде:

  • Корпоративтік несие – 657,8 млрд теңге;
  • Шағын және орта бизнеске берілген несие – 146,8 млрд теңге;
  • Тұтынушылық несие – 441,1 млрд теңге;
  • Ипотекалық несие – 39 млрд теңге теңгені құраған.


Bank RBK-де клиенттердің 1,4 трлн теңге көлемінде қаржысы сақталған. Қаржы ұйымының негізгі акционері – Владимир Ким. Ол банк акцияларының 89%-дан астамына иелік етеді. Fл 6,5%-ы банктің басқарма төрағасы Наталья Акентьеваға тиесілі.

Мемлекет көрсеткен қолдау қаржыны қайтарды ма?

2017-2018 жылдары Bank RBK қаржы секторын сауықтыру бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алған. Қазіргі уақытта банк 243,7 млрд теңгенің 12,1%-ын немесе 29,6 млрд теңгесін қайтарды.

Қазіргі кезде Қазақстандағы 5 банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттік көмек бар. Олар: БанкЦентрКредит, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jusan Bank және Nurbank.

Ким Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер қатарына кіреді және $3,6 млрд байлығымен ең бай қазақстандықтардың тізімінде төртінші орында тұр.