Жаңалықтар

Алматылықтар 2025 жылы автоматтандырылған желі көмегімен жасалған круассанның дәмін тата алады

Алматы круаасан
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматыда круассан шығаратын автоматтандырылған жаңа желі іске қосылмақ. «Art Bakery» компаниясы «Almaty Business – 2025» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 128 млн теңге несие алып, оны жабдық алуға жұмсайды. Бұл жобаны «Алматы ӘКК» АҚ еншілес ұйымы – «Almaty Finance» ЖШС қаржыландырған.

Өндірісті автоматтандыру өнім көлемін 15 есе арттырып, айына 33 мыңнан 490 мыңға дейін круассан мен өзге де нан өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Art Bakery» компаниясы круассан өнімдерін Алматы мен Қазақстанның өзге қалаларындағы сауда желілері, супермаркеттер мен кофеханаларға жеткізіп отыр. Сонымен қатар өнімін шетелге шығаруды жоспарлаған.

Жалпы аумағы 580 шаршы метрді құрайтын жаңа цех және Алматының индустриалды аймағындағы шағын өнеркәсіптік паркте орналасады. Өндірісті іске қосу 2025 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылына 6%-ды құрайды, ал мерзімі – 5 жыл.

«Almaty Finance» басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игеновтың айтуынша, жергілікті өндірушіні қолдау қала экономикасына оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындары құрылып, компания жыл сайын шамамен 50 млн теңге көлемінде салық төлейтін болады.