Freedom Holding Corp. 2025 фискалдық жылдың ІІ тоқсанының қорытынды есебін жариялады. Бұл кезең 2024 жылғы 30 қыркүйекте аяқталған еді. Холдингтің түсімі 580,9 млн долларды құрады. Көрсеткіш 145,3 млн долларға (33%-дан астам) өсті.
Көрсеткіштер жақсарды
Есепке назар аударсақ, көрсеткіштердің жақсаруына бірнеше факторлар ықпал еткен. Оның ішінде, сақтандыру секторынан түскен кіріс бар. Ол зейнетақы аннуитеті және жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша шарттар санының ұлғаюы есебінен 160,3 млн долларға дейін (177%-дан астам) артты.
Сонымен қатар бағалы қағаздармен саудадан таза пайда Қазақстанның тәуелсіз облигацияларын сату есебінен 50,8 млн доллардан 68,3 млн долларға дейін (35%-дан астам) өсті.
Валюталық операциялар бойынша таза пайда 3,7 млн доллар таза шығыннан 6,5 млн доллар таза пайдаға дейін артты(+275%). Бұл өзгеріске 16,9 млн долларға шетел валютасын сату мен сатып алудан түскен пайда ықпал етті. Ал ол өз кезегінде 10,4 млн доллар шамасында қайта есептеуден болған шығынмен ішінара өтелді. Сондай-ақ, Freedom Bank-тің ІІ тоқсанда шетел валютасымен операциялар көлемін 78%-ға ұлғайтуы есебінен де өтелген.
Бұған қоса комиссиялық кіріс брокерлік қызметтер есебінен 121,1 млн долларға (8%-дан астам) дейін өсті.
Шығыстарға қандай факторлар ықпал етті?
Ал холдингтің шығыстары 151,5 млн долларға (50%-дан астам) артқан. Мұндай серпін мынадай факторларға байланысты:
- Комиссиялық шығыстар 59,2 млн долларға (187%-дан астам) артты. Ол негізінен өмірді сақтандыру шеңберінде агенттердің сыйақы шығындарының ұлғаюына байланысты болды.
- Қайта сақтандыруды шегергенде төленген сақтандыру өтемақыларының көлемі 32,7 млн долларға (96%-дан астам) ұлғайды. Бұл өсім ең алдымен екі тоқсан арасындағы сақтандыру операцияларының артуына байланысты.
- Есепті кезеңде холдингке кіретін компаниялардағы қызметкерлер санының өсуіне байланысты жалақы мен сыйлықақылар 26,2 млн долларға (66%-дан астам) ұлғайды.
- Жалпы және әкімшілік шығындар қайырымдылық пен демеушілікті жасау есебінен 23,6 млн долларға (80%-дан астам) ұлғайды.
Холдингтің активтері 6,2% өсті
Freedom Holding Corp. компаниясының таза пайдасы 114,5 млн долларды құрады. Холдингтің 59,4 млн дана акциясының базалық орташа мөлшеріне сүйене отырып есептелген табысы 1,93 долларды құрады.
Холдингтің активтері 8,302 млрд доллардан 8,816 млрд долларға дейін (6,2%-дан астам) өсті. Міндеттемелері 7,135 млрд доллардан 7,553 млрд долларға дейін (5,9%-дан астам) артты.
2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша холдинг клиенттерінің брокерлік шоттарының саны 555 мыңды құрады. Бұл бұған дейінгі тоқсанға қарағанда 25 мыңға артық.
Айта кететіні, телекоммуникациялық бизнесті дамыту шеңберінде Freedom Telecom Holding 2024 жылғы қыркүйекте «SilkNetCom» ЖШС-ны сатып алу бойынша мәмілені аяқтады. Компания провайдерлік қызметтерді ұсынуға, ақпараттық технологияларға және телекоммуникациялық желілерді салуға маманданған болатын. Мәміле сомасы 23,9 млн долларды құрады.
Еске сала кетсек, S&P Global Ratings «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясының ұзақ мерзімді несиелік рейтингін көтерген еді. Көрсеткішті жақсартуға компанияның былтырғы және биылғы операциялық көрсеткіштері ықпал еткен.