Өзбекстанның цирктерінде аңдардың өнер көрсетуіне тыйым салынады

Жарияланды 8 Қараша 2024 15:32

(жаңартылды 8 Қараша 2024 15:32)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Өзбекстанның цирктерінде аңдар өнер көрсетпейді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Өзбекстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік және көшпелі цирктерінде кейбір жануарларды қолдануға, оларды ұстауға тыйым салынады. Бұл туралы елдің заңнамалық деректерінің ұлттық базасында жарияланған қаулыда айтылған.

Құжатқа сәйкес, жабайы жануарларды жеке тұлғаларға «жартылай еркіндік жағдайында, жасанды тіршілік ету ортасында немесе тұтқында» ұстауға тыйым салынды. Сонымен қатар, заңды тұлғаларға осы тізімге енгізілген жабайы жануарларды ұстау тәртібі де көрсетілген.

Өзбекстандық ақпарат көздерінің мәліметінше, тізімге кірген жабайы жануарларды тек зоопарктерде және арнайы питомниктерде (террариумдарда, океанариумдарда, серпентариумдарда және т.б.) ұстауға рұқсат етіледі. Бұл мекемелер заңды тұлғалар тарапынан Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің рұқсатымен құрылуы тиіс.

Тыйым салынған жануарлар мен жәндіктер тізіміне мыналар кіреді:

Буынаяқтылар: улы шаяндар, пауктардың кейбір түрлері, соның ішінде қарақұрттар және жабайы өрмекшілер;
Жыландар: бірнеше түрдегі улы жыландар, соның ішінде гадюка, бумсланга және аспид тұқымдасына жататын барлық түрлер;
Құстар: барлық сұңқарлар мен үкілер;
Жануарлар: жолбарыс, арыстан, қабылан, жабайы мысықтардың барлық түрлері, гепардтар, ягуарлар, пумалар, қар барысы, қасқырлар, түлкілер, шибөрілер, борсықтар, құну және барлық аю түрлері.

Айта кету керек, Қазақстандағы қоғам белсенділері цирктерде дельфиндерді пайдалануға қарсы шығып жатыр. Алайда, Өзбекстан тізімінде дельфиндер жоқ, яғни бұл жануарларға қатысты шектеу енгізілмеген.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, ел азаматтарына және тізімдегі жабайы жануарларды ұстайтын цирктерге оларды зоопарктерге немесе питомниктерге ақылы немесе тегін түрде беру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, ел фаунасына жататын жануарлар табиғатқа жіберілуі мүмкін.

Қаулыға сәйкес, жануарларды 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін зоопарктер мен питомниктерге тапсыру қажет.

Сондай-ақ оқыңыз