Павлодар облысындағы барлық мектептер пен колледж қашықтан оқу форматына ауысты, бұл туралы Павлодар облысының білім басқармасы хабарлады.
Білім басқармасы қолайсыз ауа райына байланысты 8 қараша күні I ауысымдағы 0-9 сынып оқушыларын, колледждің 1-2 курс студенттерін қашықтан оқыту форматына ауыстырды.
Облыста төтенше жағдай жариялануы мүмкін.
«Қала, аудандар әкімдіктеріне жедел түрде Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыстарын өткізу және келтірілген залалды бағалау мен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялау туралы қажетті шешімдер қабылдау тапсырылды», делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, 6-7 қарашада Павлодар облысы аумағында екпіні 28-30 м/с дейін жететін дауыл соғып, 12 әлеуметтік нысан мен әкімшілік ғимараттың, 34 тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келген. Электр желілері өшкен. Өңірде 3 адам зардап шегіп, бір адам ауыр жарақатынан қайтыс болды.