Жаңалықтар

Qarmet шахтасынан 150-ге тарта жұмысшы шұғыл эвакуацияланды

Qarmet шахтасында 150-ге тарта жұмысшы эвакуацияланды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасынан 155 жұмысшы шұғыл эвакуацияланды, деп хабарлады Qarmet компаниясының баспасөз қызметі.

Компнаияның мәліметінше, бұл жағдай электр қуатының үзілуіне байланысты болды. 7 қараша сағат 20:29-да шахтаға электр энергиясының берілуі тоқтағаны туралы ақпарат орталық диспетчерлік қызметке түсті. Белгілі болғандай, «Қарағанды жарық» кәсіпорнының №9 трансформаторында ақау орын алған.

«Қызметкерлер шұғыл эвакуация жоспарын жүзеге асырып, 155 адамнан тұратын ауысым қауіпсіз түрде жер бетіне шығарылды. Кәсіпорынның барлық қызметтері тиісті алгоритмдерге сәйкес жедел әрекет етті», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта электр қуаты қалпына келтіріліп, шахтада қауіпсіз жұмысты жалғастыру үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.

Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болып, компанияға Qarmet атауы қайтарылды.