ШҚО-да Шекара қызметінде борышын өтеп жүрген сарбаз қаза тапты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
ШҚО-да шекарадағы әскери қызметші қаза тапты / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шығыс Қазақстан облысында мерзімді қызметтегі әскери қызметші қаза тапты, бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі растады.

«7 қарашада Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша өлім себебі – суицид», делінген хабарламада.

Кейбір ақпарат көздерінің мәліметінше, 2005 жылы туған қатардағы сарбаз 7 қараша күні кешкі сағат бес шамасында Калашников автоматынан өз басына екі рет оқты.

Полиция органдары Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Еске сала кетейік, 20 қыркүйек күні Аягөзде тағы бір әскери қызметкердің өзіне қол салып, қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. 

Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев Аягөздегі әскери қызметкердің суицид жасауына басқа өңірден қоныс аударуы немесе басқа да тұрмыстық жағдайлар әсер еткен болуы мүмкін деген пікір айтты. Офицердің туыстары марқұмның Қызылордада әскери кафедраны бітіргенін, запастағы лейтенант болғанын хабарлаған. 

Сондай-ақ оқыңыз