Жаңалықтар

Талғар қаласы әкімінің сайлауы өтетін болды. Орталық сайлау комиссиясы мерзімін жариялады

Талғар қаласы әкімінің сайлауы өтетін болды / фото: shutterstock

Талғарда қала әкімінің сайлауы өтетін болды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Талғар қаласының әкімі сайлауы 2024 жылғы 15 желтоқсанға белгіленді.

Бұған дейін, Талғaр әкімі Бақыт Күрішбеков 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімімен байланысты оқиғадан кейін өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметінен босатылған болатын. Онымен бірге орынбасары Матан Сағындық қызметтен босатылды. Сонымен қатар, Талғaр ауданының әкімі Танат Айдарбековке сөгіс жарияланған еді.

Еске сала кетейік, Талғарда қылмыстық топқа қатысы бар «Хуторлық» деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевтың бауыры Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімінің апараты қызметінен босатылған еді.

Ал, «Хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы бар делінетін Хасан Қасымбаев 2021 жылдың маусымындағы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі айға қамауға алынған. Оған қатысты адам ұрлау және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша іс қозғалды.