Жаңалықтар

Қарағанды агломерациясы. Өңір өндірістік аймаққа айналады

Қарағанды агломерациясы бойынша өңірде тау-кен өндірісіне тәуелділікті азайту көзделіп отыр / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов.

Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталына Қарағанды агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын талқылауға шығарды. Үкімет жоспарына сәйкес, өңірдің тау-кен өндірісіне тәуелділігі азайып, өндірістік аймаққа айналады.

«Агломерацияның дамуы ірі қалаларға қысымды төмендету, жолдардың, қалалардың жалпы қазақстандық желісін қалыптастыру, қоныстандырудың тірек қаңқасын қалыптастыру тұрғысынан алғанда үлкен мәнге ие. Қала-орталық және іргелес елді мекендер арасындағы халықтың өмір сүру деңгейінің теңгерімсіздігін қысқарту»,- делінген құжатта.

Үкімет жоспары бойынша, Қарағанды агломерациясы өнеркәсіп өндірісімен байланысты болады. Жоспарға сәйкес, қала агломерациясының мамандануы өнеркәсіп секторы металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау салаларына бағытталмақшы.

Солайша өңір өндірістік аймаққа айналып, тау-кен өндіру саласына тәуелділігі азаймақшы.

«Жыл сайын тау-кен өндіру саласына тәуелділік төмендейді. Резеңке және пластмасса бұйымдары, машина жасау және металл өңдеу саласының кәсіпорындары, құрылыс материалдарының өндірісі айтарлықтай жоғары қарқынмен дамиды»,- делінген құжат жоспарында.

Қарағанды агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, өнеркәсіптік өндіріс көлемін 2 528 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Сонымен бірге аймақта өнеркәсіптегі өңдеуші өнеркәсіп үлесі мен негізгі капиталға инвестицияларды арттыру арқылы 17,4 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Даму жоспарына сәйкес жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің санын 2028 жылы 77 мың бірлікке дейін ұлғайтылмақшы. Өңір халқы 100% ұялы байланыспен қамтылмақшы.

Агломерция щеңберінде Электромобильдерді зарядтау үшін инфрақұрылым құру және экологиялық таза көлік түрлерін пайдалануды ынталандыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Теміртау қаласының трамвай жолдары мен трамвай паркінің жұмысын қалпына келтіру, газ тарату желілерін салу,  «Terricon Valley» өңірлік IT-хабын дамыту, «Terriconschool» бағдарламалау мектебін дамыту сынды жобалар жүзеге аспақшы. Одан бөлек ферроқорытпа, кокс, мырыш және т.б. зауыттар салынады.

Жалпы 2024-2028 жылдары аралығында Қарағанды агломерациясына 1 052 310,5 млн теңге жұмсалмақшы. Бұл қаражаттың 136 888,8 млн теңгесі республикалық бюджеттен, 179 186,6 млн теңгесі жергілікті бюджеттен, 736 235,1 млн теңгесі басқа көздерден тартылмақшы.