Семей қаласы маңында 2021 жылы қоқыс өңдеуге арналған ангар салынып, сұрыптау желісі іске қосылуы керек болған. Оған қажетті қондырғылар да алынып қойған. Алайда облыс пен қала әкімдіктері өз міндеттемелерін орындамаған. Нәтижесінде 2,6 млн еуроға алынған қондырғылар ашық аспан астында қалып кетіп, 4 жылда істен шығып қалған. Бұған қатысты прокуратура әкімдікке қатысты тергеу бастаған. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін KURSIVMEDIA редакциясы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен әкімдікке сауал жолдаған болатын.
Экология министрлігінің хабарлауынша, Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2020 жылы «ҚТҚ бөлек жинау және сұрыптау жүйесін енгізу жөніндегі» Жол картасы бекітілген. Жол картасына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, Семей қаласының әкімдігі, сондай-ақ ӨКМ Операторы қол қойған. Жол картасының негізінде Семей қаласы әкімдігі, ӨКМ операторы және жабдықты өндіруші арасында үш жақты шарт жасалған.
Шартқа сәйкес «ӨКМ Операторы» мамандандырылған техника мен жабдықтарды, атап айтқанда контейнерлерді, қоқыс таситын көліктерді және ҚТҚ сұрыптау желісіне арналған жабдықтар сатып алып, әкімдіктерге беруі керек болған. Бұл орайда ӨКМ операторы өз міндеттемелерін толық көлемде орындаған. Алайда әкімдік шартта белгіленген өз міндеттемелерін орындамаған.
«Жол картаға сәйкес 2021 жылдың тамызына дейін Семей қаласының әкімдігі сұрыптау желілеріне арналған ангардың құрылысын аяқтап, сұрыптау желісін іске қосуы тиіс болды. Алайда, аталған жоба Семей қаласының және Абай облысы әкімдіктері тарапынан бүгінгі күнге дейін іске қосылған жоқ»,- делінген жауапта.
Енді жобаны аяқтау мақсатында Абай облысы әкімдігі 2025 жылдың соңына дейін қоқыс сұрыптау желісін орналастыру үшін Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында ангар құрылысын салуды қаржыландыруды көздеп отыр. Семей қалалық әкімдігінің мәліметінше, «Абай облысы Семей қаласында ҚТҚ көму полигонының құрылысына» қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
«2025-2026 жылдары Семей қаласында ҚТҚ үшін жаңа заманауи полигон салу жоспарланған. Полигон ҚТҚ жинау және кәдеге жарату мәселесін шешу көзқарасының кешенділігі мен жүйелілігін көрсетуге мүмкіндік береді»,- делінген әкімдік жауабында.
Бұл полигонға арналған 100 гектар жер сол 2020 жылы АҚ «Жасыл Даму» (бұрынғы ӨКМ «Операторы») желісі бойынша беріліп қойған. Енді тек ангар салу қалған. әкімдік мәліметінге бұл ангар құрылысы келесі жылы басталады. Бұл полигон салынған соң, оған аспан астында тұрып, тозып үлгерген 2,6 млн еуроға алынған жабдықтар қойылмақшы.
Жалпы «Абай облысы Семей қаласында ҚТҚ көму полигонын салу» жобасын іске асыруға 8,6 млн теңге кетеді деп жоспарланған. Ал сұрыптау желісі үшін ангар салуға 2 192,4 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалмақшы.
«Жасыл Даму» АҚ желісі бойынша 2021 жылы құны 2,5 млн еуро болатын «SABO» фирмасының қоқыс төгетін желі жабдығы берілді. Жобаны іске асыру шеңберінде «SABO» фирмасының қоқыс төгетін желісін жаңа полигонға орнату көзделген»,- делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік құрал-жабдықтардың қаншасы тозғаны туралы ақпарат бермеген. Ал прокуратура мәліметінше қондырғылардың 1 млн еуро тұратын құрал-жабдықтары тозып, жарамсыз болып қалған. Осыған орай прокуратура Семей әкімдігіне қатысты тергеу бастағанын хабарлады. Прокуратура мәліметінше, жергілікті атқарушы органдардың салғырттығының салдарынан 2,6 млн еуроның жабдықтары ашық аспан астында тұрып, жарамсыз болып қалғанын хабарлаған болатын.