«7-20-25» бағдарламасына өзгеріс енгізілді
«7-20-25» ипотекалық кредиттеу бағдарламасына басты үш өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі хабарлады.
Өзгерістер осы бағдарламаны бекіту туралы қаулыға енгізілмек. Ұлттық Банктің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы аталған бағдарламаның көлемі 100 млрд теңге болады деп белгіленіп отыр.
Екінші өзгеріске келсек, әскерге шақырылған азаматтардың қарызы мен оның сыйақысын төлеу мерзімі кейінге қалдырылатын болды. Және отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтың жұмыс табуына да мүмкіндік беріліп отыр. Әскерден келген соң, оларға 60 күнге дейін мерзім беріледі.
Үшінші өзгеріс – қарыз алушыларға қатысты талап. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушының еліміздің аумағында меншік құқығында үйі болмауы тиіс. Отбасы мүшесіне шаққанда 15 шаршы метр болмайтын жатақханалар мен апатты үйлер бұған жатпайды. Тек жарамсыз үйлері заңды түрде апатты деп танылуы қажет.
Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл нормалар баспанаға зәру адамдарды барынша қамту үшін және сарбаздардың әлеуметтік жағдайын қарастыратын заңнамаға сәйкес енгізіліп отыр.
Айта кететін жайт, бұл бағдарлама 2018 жылы іске қосылған болатын. Барлық жұмысы бар азаматтар қатыса алады. Негізгі талап – 20 пайыз көлемінде бастапқы жарна төлеу. Сонда 7 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 25 жылға ипотека ала алады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2024 жылдың 31 қазанына дейін осы бағдарлама шеңберінде 1 059,6 млрд теңге қарыз беріліпті. Оны 76 753 отбасы пайдаланып, баспаналы болған.