Инфантилизм: мәңгілік бала бейненің қандай кемшін тұстары бар?

Жарияланды 8 Қараша 2024 07:45

(жаңартылды 8 Қараша 2024 07:45)
Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Инфантилизм: мәңгілік бала бейненің қандай кемшін тұстары бар?
Инфантилизм: мәңгілік бала бейненің қандай кемшін тұстары бар? / Фото: facebook.com/udivitelniymir. Бильд-редактор: Дастан Шанай

Кей адамға «бала сияқты бола бермеші» дегіңіз келе ме? Әлде осы сөзді жақындарыңыздан жиі естисіз бе? Қалай болған күннің өзінде баланың тірлігін істеудің қалыпты жағдай емесі белгілі. Ғылымда мұны «инфантилизм» дейді. Зерттеу көп жасалғанымен, әлі күнге дейін толық анықталып бітпегенін атап өту керек. Есейсе де бала әдетінен арыла алмай жүргендердің бұл қылығын қалай түсінуге болады? Ол қайдан шығады? Қандай кері әсері бар? Осы туралы айтамыз.

Инфантилизм деген не?

Заман өткен сайын кейінгі буын алдыңғысынан әлсіз бола береді деседі. Инфантилизмде де солай. Неге екенін түсіндірмес бұрын алдымен «инфантилизм» түсінігі жайлы айтайық. Жасы ересек болғанымен, психикасы мен қылықтары баланыкіндей күйде қалып қоятындар бар. Инфантилдер деп осындай адамдарды атайды. Яғни жауапкершілік алғысы келмейтін, эмоциясын ұстай алмайтын, кінәні өзінен емес, өзгеден іздейді. Жасына сай емес осындай қылықтар адамға қоғаммен біте қайнасуға, қарым-қатынас құруға не мансап жолында көтерілуге кедергі болады. Ғылымда инфантилизмді психикалық және психологиялық деп екіге бөледі. «Психикалық инфантилизм» деген адам психикасындағы патологиялық бұзылыс саналады. Сондықтан оны психиатрия арқылы қарастырады. Ал психологиялық инфантилизм болса, адамның жеке-дара ерекшеліктеріне қатысты. Былайша айтқанда, жасы өскен, бірақ түсінігі, қылықтары өспеген адамның тірлігін істейді. Мұндай инфантилдер өзімен жұмыс істесе, өзгере алады. Бірақ бір жаманы — мұндай адамдар жауапкершілік алуға бейім емес болғандықтан, өзгеруге тырыспайды. Осы екі түрге қоса кейінгі кезде әлеуметтік инфантилизмді де қосып жүр. Бұл көбіне психологиялық инфантилизмге ұқсас. Десе де, айырмашылығы қоғамдағы қалыптасқан нормаларға сәйкес келмейтінінде ғана.  

Аурулардың халықаралық жіктемесінде (АХЖ-10) бұл түсінікті жеке және мінез-құлық бұзылыстарының тізіміне қосады. Пассив-агрессиялы, психоневротикалық және нарцистік бұзылыстармен қатар қойылады. Дегенмен психотерапевтерде инфантилизмді қалай емдеу керегі жазылған диагностикалық және статистикалық нұсқаулық жоқ. Олай болатын себебі адамдағы инфантильдік бұзылысты дәл анықтауға болатын айқын симптомдар жоқ. Қазіргі таңда бұл бағытта зерттеулер әлі жүріп жатыр. Әйтсе де, жалпы алғанда мұндай бұзылыс бар адамды анықтау мүмкін емес дей алмаймыз. Маман жұмыс істеген жағдайда анықтап, бағыт бере алады.   

Бала көңіл адам мен инфантилдің айырмашылығы бар?

Кей адамдардың көңілі баладай ақ әрі таза болады. Оларды «бала көңіл» дейді. Бірақ оларды инфантилдермен шатастырмау керек. Себебі бұл екі түсінік екі түрлі. 1960 жылдары Эрик Берн трансакциялық анализ деген психологиялық тәсілді ұсынған. Ол жерде былай делінген: адамда үш түрлі эго-күй болады. Олар: Бала, Ересек, Ата-ана. Ішкі бала адамның сезімталдығына, эмоциясына, импульсіне және жан-жақты тануға құштар болуға жауапты екен. Ал ересек күй біздің фактілерге сүйеніп, шынайы баға беруімізге көмектеседі. Ата-ана күйі болса, бала кезде ересектердің миымызға құйылған талаптарын қояды. Міне, осы үш күй адам бойында болады. Осыларды баланста ұстап, бала-ересек-ата-ана күйлерін тең қоя алған адам ғана психо-эмоциялық тұрғыда есейген деп саналады. Таразы басын тең ұстай алсаңыз, үйлесім мен тыныштық орнайды. Инфантилдерде осы «бала» күйі үнемі алға шығып кетіп отырады. Қызық таусылмаса, ешкім одан ештеңе талап етпесе, сауық-сайран құрып жүре берсе болды. Ересек не ата-ана күйіндегі шаруалар оған қызық емес. Шама келсе, басқа адамға іліп қояды.  

Ғалымдар арасында өазір жасы отызға таяп қалған, миллениалдардың дәуірі толықтай дерлік инфантилдер деген пайым бар. Неге олай? Бұлардың көбі әлеуметтік ересек түсінігінің талаптарына сай келмейді. Оған дейінгі буында норма болған біршама дүниені қабылдамайды. Атап айтқанда: отбасын құру, тұрақты табыс, белгілі бір жасқа келгенге дейін балалы болу деген сынды талаптарды орындауға асықпайды не қашқақтайды. Түгел буында осындай белгілер байқалатындықтан, ғалымдар мұны «қоғам инфантилизациясы» деп атайды.  

Инфантилизмнің қандай белгілері бар?

Айтқандай, ересек адамға қарағанда инфантилдер әлемді бала секілді қабылдайды. Мысалы бала қалай ойлайды? Оның ойынша, бүкіл әлем соның көңіліне қарауы керек. Мұндай эгоцентризм балаға қалыпты. Әйтсе де, орда бұзар жастағы адам әлі осылай ойлайтын болса, бұл жерде норма емес. Ендеше, қандай белгілері болатынына тоқталайық.  

  • Эгоцентризм. 
  • Өздігімен ештеңе істей алмайды. Өзін қамтамасыз ете алмағандықтан, ата-анасының аузына қарап отырады. Өзі істеген әрекеттерінің салдары қандай болатынын ойлай алмайды. Импульспен әлдене істеп алады да, кейін таяқ жейді. 
  • Жауапкершілік алғысы келмейді. Ол үнемі жауапкершіліктен қашып жүреді. Өйткені артылған жүкті көтере алмайды. Бір іс тапсырсаңыз, оны одан гөрі басқалар жақсырақ істейді деген желеумен істемей қояды. 
  • Инфантил адам кінәні өзінен көрмейді. Үнемі бір жағдай не адамның кесірінен болды деп табады. «Мен емес, анау солай істеген соң осылай болды» деген сөзді жиі айтады. 
  • Шаруа тапсырсаңыз, орындай алмайды. Өйткені ол әлдебір шаруаға баспен «кіріп» айналыспайды. Тез іші пысып кетеді. Уақытынан кешіктіреді, кешігіп жүреді. 
  • Өкпелеп қала береді. Өзіне бүкіл әлем әділетсіздік жасап жатыр дей береді. «Күллі әлем маған қарсы» дегенді аузынан жиі естуге болады. 
  • Қалауын бақылауда ұстай алмайды. Әлденені қаласа, импульспен алып қоя береді. Мұндай қасиетті маркетологтар жақсы пайдаланады. Инфантил адам жарнамаға сеніп қала береді де, салдарына анализ жасамайды.  
  • Эмоциясын басқара алмайды. Эрик Берннің айтқан үш күйін еске түсірейік. Инфантил адамды ішіндегі «бала» күй басқарады дедік. Ересек күй жоқ. Өйткені ересек басқарған кезде ол қалай дұрыс екенін ойлап, анализ жасап, салдарын ойластырар еді. Ересек адамда эмоциялық интеллект дамыған болады. Инфантил адамда мұндай жоқ. 
  • Өзін дәрменсіз сезінеді. Көбіне инфантил адамдардың ата-анасына қарап көрсек, үнемі өбектеп, қорғаштай берген болып шығады. Яғни кішкентайынан оны қорқынышты әрі зұлым әлемнен қорғап келгендей болады. Сондықтан ол бала өссе де, әлі күнге дейін әлемді қорқынышты деп есептейді. 
  • Көңіл-күйі тез құбылады. Жылап отырып күле салуы оңай. Жап-жақсы жайдары отырып табан астында ашулана салады. 
  • Қаржылық сауаты жоқ. Ақшаны қалай жұмсау керегін білмейді. Бір қызығы, барлығы бірдей тапқанын жұмсап тастамайды. Кейбірі ішіп-жемей жинай береді екен. 
  • Құмар ойындарына, экстремал спорт түрлеріне, қатты жылдамдықпен көлік айдауға, есірткіге әуес болады. Әркіммен бір жыныстық қатынасқа да түсе беретіндері бар.
  • Өзі ғана керемет, қалғандары — ақымақ. 
  • Жақындарына тым жоғары талап қояды. Инфантил адам жұбайының, балаларының не отбасындағы басқа да адамдардың не істеуі керегін өте жақсы біледі. Өзі істемесе де, басқалардан талап етуге шебер. Кейде тіпті ойға қонымсыз талап қоюы мүмкін. Айталық, үшке енді толған баласына үй жинатып қояды. Ондағысы тазалық үшін емес, тәрбие деп есептейді. Болмаса, түскі асқа міндетті түрде екі ыстық тамақ, салат пен десерт болуы керек деуі мүмкін. Ал өзіне келгенде мұндай талаптың бірін де істемей, ысырып қоя салады. 
  • Рахметі жоқ. Тіпті қойған талаптарына сай келсе де, қанағатсызданып, рақмет айтпайды. 
  • Жанындағыларды төмендете береді. Өзін биікке көтергенді жақсы көреді. Ал басқаларын құнсыздандыруға құмар. 

Инфантилизмнің психологиялық себептері

Бірінші кезекте инфантилизмнің пайда болуына оның өскен ортасы әсер етеді, себеп болады. Мысалы ата-ана баласын қанша жақсы көрсе де, оны шектен тыс өбектесе, онда болашақта инфантил бала өсуі әбден мүмкін. Себебі артық қыламын деп тыртық қылып жібереді. Бәрінен қорғауға тырысқаны өзіне таяқ болып тиіп жатады. Есейген сайын балаға жауапкершілік артылуы міндетті. Ол — оған өте қажет процесс. Неғұрлым өбектесеңіз, соғұрлым бала дәрменсіз болып өседі. Инфантилизмнің пайда болуына бірден-бір себеп осы. Мысалы баланың физикалық иммунитетін күшейткіңіз келсе, оны тым тазайын қыла беруге болмайды. Себебі айнадай жерде ұстап, күніне он рет жуындарған сайын баланың иммунитеті әлсіз бола түседі. Ағзасы күресе алмайды. Психологиялық процестерде де осындай. Баланы өскен сайын қоғаммен араластырып, есеюіне кедергі келтірмеу керек. Яғни бала өзі қадам жасап, жауапкершілік алып үйренуге тиіс. 

Кей ғалымдар инфантилизмнің тұлға дамуы біркелкі болмаған кезде де дамитынын айтады. Мысалы америкалық психолог Нэнси Мак-Уильямстың айтуынша, әлеуметтік және эмоциялық даму тақтайдай тізу жолмен жүрмейді. Өскен сайын адамда түрлі өзгеріс болады. Кейде ауытқуы мүмкін. Айталық, өсіп келе жатқан кезде адамда әлдебір стресс болды делік. Мұндайда психика қорғану үшін регрессия жасауы ғажап емес. Яғни бейсаналы түрде мұның алдындағы әрекет қалпына енеді. Мысалы өзінен кейінгі бауыры дүниеге келгенде кей жүріп жүрген балалар қайтадан еңбектеп, кішірек кезіне ауып кетіп жатады. Регресс деген осы. Оны қалыпты жағдай дейді. Десе де, жиі-жиі олай регреске түсе берсе, ол ересек кезде инфантилизмге жатқызуға себеп болады. 

Инфантилдермен қалай қарым-қатынас жасасуға болады?

Күнделікті өмірде мұндай адамдарды жиі көреміз. Әйгілі Питер Пен кейіпкері инфантил адамдардың көрінісін көз алдына келтіреді. Есейгісі келмейтін, жаңа әлеуметтік рөлге енбейтін, жауапкершіліктен қашатын адамдардың синдромы осындай болады. Ондай адаммен отбасы құрған кезде ересектің рөлін жұбы алады да, инфантилден міндетінің атқарылғанын күтпейді. Бұлай өмір сүре беруге болады, әрине. Әйтсе де, ересек рөлін алған адам күн сайын түрлі қиындыққа тап бола береді. Мысалы коммуналдық төлемдерді төлеу, азық-түлік алу, үйді жөндеу, ақша табу, дәрігерге жазылу және т.б. Инфантил жұбы бұл шаруаның бәрінен қашқақтайтындықтан, амалсыз екінші адамның иығына артылады. Бәрін өзі көтергісі келмейтін, бәрін 50/50 істеу дұрыс деп есептейтіндерге инфантил адаммен өмір сүру өте қиын болуы мүмкін. Дұрысы, инфантил адаммен бас қосқан соң оған жауапкершілікті беріп, жеке шекараны сақтауды үйрету керек. Өйткені кәмелет жасына толған әр адам — ересек. Осымен әңгіме бітті. Келіскісі келсе де, келіскісі келмесе де 18 толды ма — ересек. Жақсылық қыламын деп оны әрмен қарай дәрменсіз ете бермеуіңіз қажет. Есею үшін қиындықпен бетпе-бет келіп үйренгені абзал.   

Инфантилизм қайдан шығады?

Бұған дейін инфантилизмге бала кездің қатысы мол екенін айттық. Енді ғылыми көзқарас бойынша қарастырайық. Әдетте мына үш фактордың бірі не тіпті үшеуінің қосындысы болуы мүмкін дейді:

  • Жеке нейробиологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Яғни адам тумысынан сондай «бала» болып туады. Оның миы солай жұмыс істейді. Бұл жерде оның да, ата-анасының да еш кінәсі жоқ.
  • Бас сүйегінен алған жарақат әсер етуі мүмкін. Өйткені бала кезде не жасөспірім кезде алынған ауыр жарақат орталық жүйке жұмысына әсер етеді. Соның кесірінен ол психоэмоциялық дамуды тоқтатып, мәңгі бала бейнеде қалып кетеді. 
  • Бала кезінде ата-анасы қатты өбектесе солай болады. Бұл өте жиі кездеседі. Сонымен бірге ата-анасы тастап кеткен не бала кезде тым көп жауапкершілік алып, содан шаршағандарда да инфантилизм жиі кездеседі. Жауапкершіліктен қажығаны сонша, есейгенде барынша ештеңе істегісі келмей, басқаға артып қоюға ұмтылады. 

Қоғам инфантилизациясы

Бұл тақырыпта жасалған зерттеу аз емес. Соларда байқалған бір жайт: мәдени-тарихи орта мен ғылыми-техникалық прогрестегі өзгерістер қоғамдағы әлеуметтік құндылықтарға әсер етеді. Мысалы қазіргі жастар балалы болуға асықпайды, одан гөрі басқа нәрселерге басымдық бергенді жөн көреді. Өзіне көңіл бөлуге, ел-жер көруге не мансапқа көбірек көңіл бөледі. Сонымен бірге құндылықтар трансформациясына заманауи экономикалық жүйенің де беретін әсері бар. Мысалы инфантил адамдар ойланбастан зат сатып алуға құмар болғандықтан, оны тұрақты тұтынушы қылуға ұмтылып тұратындар көбейеді. Қазіргі уақытта инфобизнестің қатты дамып кеткенінің бір себебі осында. Маркетологтар адамдардың жанды жерін басып, пернесін дәл табуды мықтап меңгеріп алған. «Қарыздан құтылғың келе ме?», «Күйеуіңмен араны жақсартқың келсе» дегендей месседжбен өнімдерін тықпалауға құмар. Бүгінде трениң, жеке даму марафоны, курстар көбейгенінің бірден-бір себебі осында болса керек. 

Оған қоса, қазір интернеттің дамығаны да көп нәрсені өзгертіп жатыр. Бұл әлеуметтік құндылықтарды өзгертіп жатқаны сөзсіз. Неге десеңіз, қазір адамдар бетпе-бет емес, онлайн сөйлесуге үйреніп алған. Ол жерде белгілі бір рөл орындаудың қажеті жоқ, әлдебір үйреншікті модельдер де жоқ. Мысалы көзбе-көз сөйлесіп кездескенде бір қарсы беттегі адамнан көп вербал және вербал емес реакция аламыз. Ал интернет арқылы сөйлескенде ондай ала алмайтынымыз белгілі. Эмоджилер ондай әсер сыйламайды. Ересек адамға эмоциялық интеллектіні өсіру өте қажет. Десе де, жастар түгелдей инфантил деп те айтуға болмайды. Қазіргі адамдар саналы екенін атап өту керек.   

Инфантилизммен қалай күресуге болады?

Инфантилизм жеке-дара дерт ретінде қарастырылмайды. Сондықтан оның еміне арнайы хаттама жасалмайды. Дегенмен өз бойынан осындай қылықтарды байқаған адам міндетті түрде жұмыс бастауы керек. Егер сіздің іс-әрекетіңіз өзіңізге де, басқаға да кері әсер етпесе, онда қалағаныңызды істей берсеңіз болады. Ал енді кедергі болса — онда ойлану керек. Ең абзалы — адам өзін танудан бастағаны дұрыс. Бүкіл кемшілігін, артықшылығын, жақсы-жаман тұсын сырт көз ретінде қарап, көргенде біраз дүние айқындала бастайды. Есею жолы оңай емес. Ол үшін бірінші кезекте өзіңіз бен өз бойыңыздағы барлық ерекшелікті қабылдауыңыз қажет. Сіздегі бала қылық өмірдің қай саласына, жақындарыңызға қалай кері әсер етіп жатқанын ойлаңыз. Содан соң барып өзіңізбен жұмыс істеуге кірісіңіз. Егер өздігімен арылуға күшіңіз жетпесе, психологтың көмегіне жүгіне аласыз. 

Ал енді жақыныңыздың бойынан инфантилизм көрсеңіз не істеуге болады? Оны тәрбиелеймін деп, не болмаса оның жауапкершілігін өзіңізге алуға тырыспағаныңыз абзал. Егер ол адаммен байланыс үзуге мүмкіндік болса, барынша азырақ араласқан дұрыс. Бірақ ол тым жақын адам болса, олай ете алмасыңыз анық. Мұндайда инфантил адамды психолог не психотерапевтке баруға көндіруге тырысқаныңыз жақсы. Маман оған не істеу керегін түсіндіріп, бағыт береді.   

Сондай-ақ оқыңыз