Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтенов миллиондаған алимент қарызын төлемегені үшін автокөлігінен айырылды. Оның Mercedes S-санатындағы көлігі тәркіленді.
Астана қаласының жеке сот орындаушыларының мәліметінше, Әйтеновтің балалары алдындағы қарызы 23 миллион теңгеден асып кеткен. Көлік үш балаға алиментті өндіру ісін орындау бойынша айыппұл тұрағына қойылған. Экс-әкім ағасының темір тұлпары енді электронды сауда арқылы сатылып, одан түскен қаражат алимент қарызын өтеуге берілмек. Яғни аукционнан түскен ақша тікелей балаларға берілетін болады.
Ал Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешованың сөзінше,экс-күйеуі бұл көлікті жасырып жүрген. Сондай-ақ жеке сот орындаушымен келісіп алғанын, одан көлікті алып қою туралы бұйрықты жеткізбей жүргенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Әділ әрі адал судьялар бар.Солардың арқасында мен алға жылжып келемін»,- деп жазды Әтешова өзінің желідегі парақшасында.
Әйтенов пен Әтешова дауы..
12 шілде күні Әйтенов бұрынғы әйелі Дана Атешова мен бала-шағасын үйінен күшпен шығармақ болған. Дана жанжал туралы Instagram парақшасында баяндап, видео жариялады. Бейнежазбадағы ер адам оны шашынан сүйреп, зорлық-зомбылық көрсеткен.
Келесі күні Дана Атешова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бейнеүндеу арқылы бұрынғы күйеуі – Марат Әйтеновтің қыспағынан арашалауды сұрады. Одан кейін Әйтеновті құқық қорғау органдары ұстады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Марат Әйтенов пен Дана Атешованың арасында дау туған еді. Дәлірек айтқанда, Айтенов бұрынғы әйелін үйден көшіру кезінде бір-бірлеріне қол көтерген. Әйелге қатысты жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталған.
Алайда сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындамаған. Және балаларын алып кеткісі келгенде, бұрынғы жұбайының оларды қолдарынан ұстап жібермегенін айтқан. Әйтенов өзінің әдепсіз сөз айтпағанын, әйелді ұрмағанын жеткізген.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Дана Атешоваға үй иесіне қасақана зиян келтіргені үшін 20 АЕК (73 840 ) мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады.