Жаңалықтар

Өзіне сеніп тапсырылған 57 млн теңгені жымқырған күдікті Швециядан экстрадицияланды

Бас прокуратура 57 млн теңге қаражатты жымқырған азаматты Швециядан экстрадициялады / Фото: shutterstock

Прокуратура өзіне сеніп тапсырылған 57 млн теңгені жымқырған күдіктіні Швециядан экстрадициялады. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүгін Бас прокуратура мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Стокгольмдегі Елшілігінің көмегімен бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Швеция Корольдігінен Қазақстан азаматын экстрадициялады»,- деліінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратура мәліметінше, күдікті 2015–2020 жылы Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істеген. Шетелге қашып кеткен азамат сол кезеңде өзіне сеніп тапсырылған 57 миллион теңге көлеміндегі қаражатты жымқырды деп күдіктеліп отыр. Бұл қылмыстан соң күдікті ізін суытып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Халықаралық іздеу жарияланған соң, оның қай елде тұрып жатқаны анықталған. Бас прокуратура Швецияда тұрып жатқан оны Қазақстанға экстрадициялау жөнінде өтініш білдірген. Қазіргі таңда күдікті шетелден Қазақстанға жеткізіліп, Астана қаласының тергеу изоляторына қамалған.

Бұл қылмысы үшін күдіктінің мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айырылуы мүмкін. Сонымен бірге мұндай қылмысқа 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы ықтимал.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Швеция Корольдігі арасында экстрадициялау туралы келісім жоқ. Бірақ соған қарамастан, сотталушыны экстрадициялау Қазақстан Бас прокуратурасы мен Швеция Әділет министрлігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында күдіктіні елге жеткізу сәтті жүзеге асқан.

Сонымен бірге 2023 жылы да швед тарабы Қазақстанға іздеуде жүрген 2 адамды экстрадициялаған.