Қорғаныс министрлігі тікұшақ апатында қаза тапқан офицер туралы мәлімет берді
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатында қаза тапқан офицер туралы мәлімет берді.
«Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты»,- делінген министрлік хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Батыр Оразымбетов Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы тәмамдаған. Мамандығы – ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар саласымен байланысты.
Өзінің қызмет жолында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдарды атқарған. Офицердің МИ-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар екені айтылады. Оның жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады.
«Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы жылдың көктемінде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Офицердің артында отбасы мен екі баласы қалған. Министрлік қаза тапқан Оразымбетовтың туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Сонымен бірге жарақ алған әскеридердің де жағдай министрлік бақылауында. Апатта әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі, майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов зардап шеккен. Олардың Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Ал жағдайлары тұрақты-ауыр деп бағалануда.
Еске сала кетсек, бүгін Ақтөбе облысында тікұшақ құлап, бортындағы бір адамның қаза тапқаны туралы ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлаған болатын.