Ұлттық қауіпсіздік комитеті Орал сотының төрағасы Руслан Жұмағұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бұл жайлы ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, КазТАГ агенттігі хабарлады.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», – деп хабарлаған комитеттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 6 қарашада Астана қаласының арнайы ауданаралық тергеу сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осы іс бойынша өтініші қарастырылғаны туралы хабар тарады. Алайда Астана тергеу соты «ақпаратты БАҚ-қа беру құзырына кірмейтінін» айтып, қабылданған шешімге қатысты мәлімет беруден бас тартқан болатын.
Еске сала кетсек, Астананың тергеу соты 7 қарашада Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұловты 10 күнге қамауға санкция бергені хабарланды. Сондай-ақ онымен бірге ұсталған адвокат Нұржігіт Фазылғалиевті ешқайда кетпеу туралы тілхатпен босатқан. Қорғаушы Ақжайық аудандық уақытша тергеу изоляторынан шығарылған.
Жұмағұловпен бірге адвокат – Әділ Вахмулдин де ұсталған. Бұл азаматтар пара алды деген күдікпен 4 қарашада Теректі ауданының полиция бөлімшесіндегі уақытша тергеу изоляторына қамалған. Шұғыл тергеу шараларын ҰҚК орталық аппаратының және БҚО департаментінің қызметкерлері жүргізіп жатқаны хабарланады.