Жаңалықтар

Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияны күшейтпек

фото: kursiv.media архивінен

Еуропа Одағы (ЕО) Ресейге қарсы санкциялардың 15-ші пакетін әзірлеп жатыр. Бұл туралы 9 қарашада Киевте өткен баспасөз мәслихатында Еуропа Одағының дипломатия басшысы Жозеп Боррелл мәлімдеді.

«Мен алғашқы кезде санкциялар туралы айттым. Иә, біз Ресейге қарсы 15-ші санкциялар пакетін дайындап жатырмыз. Біз санкциялардан жалтаруға жол бермеу мақсатында күресті күшейтуіміз керек», – деді ол Киевте өткен баспасөз мәслихатында.

Еуропалық комиссияның баспасөз қызметі Борреллдің Америкадағы Президент сайлауынан кейін Украинаны қолдауды күшейту маңызды екенін туралы айтқанын жариялаған.

Бұдан бұрын, 21 қазанда Politico Ресей Федерациясынан энергия экспортына тыйым салу 15-ші санкциялар пакетінің негізіне айналады деп жазды.

Санкция аясында Брюссель ЕО-ға мүше елдерді ресейлік газбен қамтылуына шектеулерді күшейтуді, сондай-ақ энергия ресурстарын тасымалдаумен айналысатын ресейлік танкер флотына қатысты шара қабылдауды көздеп отыр.

Жозеп Боррел Еуроодақтың әскери оқу-жаттығу миссиясы қыстың соңына дейін Украинаның 75 мың әскерін дайындайтынын айтты. Алайда миссияны Украина аумағына көшіру туралы нақты ақпаратты жария еткен жоқ.