Бразилияда шахматтан өткен әлем чемпионатында қазақстандық жасөспірімдер күміс пен қола иеленді

Жарияланды
фото: ҚШФ

Қазақстандықтар Бразилияда жасөспірімдер арасында (U14-U18) шахматтан өткен әлем чемпионатында үш күміс пен бір қола медаль алып келді. Open 14 санатында халықаралық шебер IM Эдгар Мамедов, Girls 18-де WIM Амина Қайырбекова,  Open 18-де IM Алдияр Ансат күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Open 14 санатта халықаралық шебер IM Сауат Нұрғалиев қола медаль иеленді. Биылғы көрсеткіштерімен шахматшыларымыз өткен жылғы нәтижелерді жақсартты. 

U14–U18 әлем чемпионаты (FIDE World Youth Chess Championships 2024) 29 қазан мен 9 қараша аралығында Атлант мұхитының жағалауындағы Флорианополис қаласында өтті. Чемпионатта әлемнің 63 елінен келген 500-ден астам шахматшы сынға түсті. Командада 1 гроссмейстер (GM), қыздар арасында 1 гроссмейстер (WGM), 22 халықаралық шебер (IM) және  қыздар арасында 4 халықаралық шебері (WIM) болды. Қазақстанның намысын аға жаттықтырушы, гроссмейстер Антон Филиппов жетекшілік еткен 20 шахматшы қорғады.

«Біздің жастардың әлем чемпионатындағы жетістігі – таңдалған таланттарды қолдау стратегиямыздың дұрыстығын тағы бір рет дәлелдеді. Осы өрендеріміздің ішінде Қазақстан шахматының болашағын, болашақ әлем чемпиондарын көріп отырмыз. Жас шахматшыларымызды және олардың табысына үлес қосқан барша жанашырды шын жүректен құттықтаймын!» – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов

Чемпионатта қазақстандық шахматшылар сәтті өнер көрсетті. 16 жасқа дейінгі санатта Даниал Сапеновтың жүлдегер болуына шешуші раундта германиялық шахматшы FM Беннет Хагнердан ұтылғаны кедергі болды. Сондай-ақ 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы санатта Зарина Нұрғалиева  да соңғы турда өзбекстандық шахматшы Афруза Хамдамовадан ұтылып қалды.

«Қуанарлығы, турнир барысында алғашқы үстелдерде барлық қазақстандық шахматшы ойнап, ең жоғары орындар үшін күреске қатысты. Сонымен қатар біз осы турнирде жүлде саны бойынша екінші орындамыз. Нәтижені лайық деп санаймын. Алда әлі көп жеңісті белес бар», – деп атап өтті Антон Филиппов.

U14–U18 жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионаты – 11 тур швейцариялық жүйе бойынша өткізілетін, ересектердікіндей классикалық уақытты есептейтін санаулы турнирлердің бірі. Әр ойыншыға алғашқы 40 жүріске 90 минут, кейін партияның соңына дейін 30 минут беріледі, әр жүріс сайын қосымша 30 секунд қосылады.

Сондай-ақ оқыңыз