Қадыров Өзбекстан шенеунігіне жасалған қастандыққа «шешендердің қатысы жоғын» айтты
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Өзбекстан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы Комил Алламжоновқа жасалған қастандыққа «шешендердің қатысы жоғын» айтып, «арандатушы ақпараттың» артында кім тұрғанын анықтауға уәде берді.
«Тергеу нәтижелерін күтпестен, елдегі кейбір оппозициялық БАҚ» «шешен ізі» туралы ақпаратты өршітіп, кінәні бізге әкеліп тіреді», — деп жазды Қадыров Telegram-арнасында.
Шешенстан басшысы тараған ақпаратты саяси ойындардың құралы, сондай-ақ, Шешенстан мен Өзбекстан арасында алауыздық туғызу әрекеті деп атады.
«Қандай жағдай болмасын, мен және Өзбекстандағы қымбатты бауырларым осы арандатушы ақпараттың артында кім тұрғанын міндетті түрде анықтаймыз», – деп атап өтті Қадыров.
Комил Алламжоновқа шабуыл 26 қазанға қараған түні Ташкент облысының Кибрай ауданында болды. Kun.uz басылымының дереккөздеріне сәйкес, белгісіз екі адам Range Rover көлігін бірнеше рет оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Алламжонов пен жүргізуші зардап шеккен жоқ.
Өзбекстан бас прокуратурасы кісі өлтіруге оқталу және қарудың заңсыз айналымы туралы баптар бойынша іс қозғады. Іс бойынша төрт адам ұсталған.
Оқиғадан кейін екі адам қылмыс жасағанын мойындап бейнежазба түсірген. Олардың бірі Шохрух Ахмедов деген азамат, Түркиядан жер аударғаннан кейін өзбекстандық кәсіпкерлердің бірінің жүргізушісі болып жұмыс істеген.
Басылымның хабарлауынша, 2021 жылы түрік билігі оны Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты «сынаған азаматтарға қастандық жасауға» қатысы бар деген күдікпен жеті айға қамауға алған. Онымен бірге тағы 7 шешен ұлтының өкілі істі болған. 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін болған азаматтар тікелей сот залынан босап шыққан.