Қуандық Бишімбаевтың түрмеден қашып кеткені рас па?
10 қараша әлеуметтік желіде азаматтық некедегі жарын өлтірген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден қашып кетті деген ақпарат тараған. Ішкі істер министрлігінің жанындағы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ақпаратты жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желіде сотталған Қуандық Бишімбаев түрмеден қашты деген жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Сотталған азамат жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеп жатыр», – делінген комитет жауабында.
Комитет жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті. Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
«Жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Кінәлілер жауапқа тартылады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, тура бір жыл бұрын 9 қарашада Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенова қайтыс болған еді. Сол күні экс-министр күдікті ретінде қамауға алынғаны белгілі болды.
13 мамырда Астана соты Бишімбаевты кінәлі деп тауып, 24 жылға бас бостандығынан айырған. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеуге міндеттелген.