Банк пен қаржы

Сарапшылар алдағы жылы 1 доллардың құны 500 теңгеден асады деп болжап отыр

Теңге бағамы тағы құнсыздана ма? / Архив: kursiv.media

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы 2024 жылдың қарашасында қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасы нәтижелерін жариялады.

Сарапшылардың пайымынша, 2025 жылы базалық мөлшерлеме мен мұнай бағасы төмендеп, импорт артады. Сонымен қатар сыртқы қарыз бойынша ірі төлемдер (2025 жылы Қаржы министрлігінің 2,5 млрд долларға еурооблигациялары өтелуі тиіс) жүргізіледі. Аталған факторлар ұлттық валюта бағамына қысым жасайды.

«Бір жылда USDKZT бағамы 507,1 (қазіргіге +3,1%) дейін көтерілуі мүмкін», – деп жазды Қазақстан қаржыгерлері қауымдасты.


Алайда келесі айда тоқсандық салық кезеңі басталып, Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемінің ұлғаюы аясында доллар бағамы 487,1 теңгеге (қазіргі уақытта 491,8) дейін нығаюы мүмкін.

Бұған қоса сарапшылар бір жылда Brent мұнайының баррелі 77,4 доллар (бір ай бұрын – 78,9 доллар) деңгейінде қалыптасады деп болжады. Оған негізгі себеп АҚШ пен ОПЕК+ елдерінен шикізат жеткізілімінің ұлғаюы.

«Энергия бағасының төмендеуі, жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен инфляция, сондай-ақ ірі әлемдік экономикалар арасындағы сауда қатынастарының нашарлау ықтималдығы Қазақстан экономикасының өсуіне теріс әсер етуі мүмкін. ЖІӨ-нің бір жылдағы өсімі бойынша болжам бұрынғы 4,4%-дан 4,3%-ға нашарлады», – деп жазылған ҚҚҚ талдауында.

Еске сала кетсек, қыркүйектен бері теңге бағамы күрт құбыла бастады. Сарапшы оны соғыс салдарынан Ресейде туындаған қиындықтармен байланыстырды. Оның пайымынша, рубль құнсызданып, бұл Қазақстан валютасына қысым жасады.