Қазақстанда өңірлік өкілдігін ашатын Euronews АХҚО-да еншілес компания тіркеді
Астанада өңірлік өкілдігін ашатын Euronews АХҚО-да еншілес компания тіркеді. Жаңа құрылған ұйым – Euronews Astana Ltd. деп аталады.
Биржа сайтында ұсынылған мәліметке сүйенсек, компания 2024 жылғы 7 қараша күні тіркелген. Негізгі бағыты – кино және телебағдарламалар саласындағы қызмет көрсету. Еншілес компания бас директоры Петер Важай.
Айта кететіні, 2024 жылғы тамызда Қазақстанда Euronews компаниясының Орталық Азиядағы хабы ашылатыны белгілі болды. Қос тарап ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойған еді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан Орталық Азия өңірінде шешуші рөл атқара отырып, мемлекет өмірінің барлық салаларында ауқымды өзгерістер жүргізуде.
«Сондықтан Астанада Euronews өкілдігінің ашылуының тарихи маңызы зор», – деп хабарлады ведомство.