The Economist: АҚШ долларының күшеюі жаһандық экономикаға қысым жасауда
Доллар ғасырдан аса уақыт бойы нығайып келе жатқан әлемдік валюта. Бірақ АҚШ валютасы индексінің құбылуы бүкіл әлем экономикасына қысымды күшейтеді, деп жазды The Economist басылымы.
Басылымның дерегінше, жуырда қайта АҚШ президенттігіне сайланған Трамптың экономикалық бағдарламасын нақты қалай жүзеге асыратыны әлі белгісіз.
«Бірақ екпін алған инфляция АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемені төмендетпей, жоғары деңгейде ұстап тұруға мәжбүр етуі мүмкін. Бұл соңғы төрт аптада доллардың индексін 1,5%-ға арттырды», – деп жазды басылым.
Басылымның хабарлауынша, доллардың қымбаттауы жаһандық экономикалық болжамдардың нашарлауына алып келеді.
«ХВҚ зерттеуі бір жылдан кейін доллар құнының 10%-ға артуы дамушы елдердегі өндіріс көлемін 1,9 пайыздық тармаққа төмендететінін көрсетті. Ал дамыған елдерге бұл айтарлықтай әсер етпейді. Бірақ бұл мемлекеттерде де өндіріс 0,6 пайыздық тармаққа төмендейді», – деп хабарлады The Economist.
Сарапшылардың жазуынша, доллар құнының ауытқуы жаһандық экономикаға екі түрлі әсер етеді. Біріншісі сауда, екіншісі қаржы секторына. Себебі Америкадан тыс жерлерде әлемдік сауданың 40%-дан астамы доллармен жүргізіледі. Қымбаттаған доллар импорттаушылардың шығындарын арттырады, бұл шетелден тауарларға сұранысты азайтады және жалпы саудаға қысым жасайды.
Еске сала кетсек, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы алдағы жылы доллар бағамы 507 теңгеден асады деп болжады.
2024 жылғы қыркүйектен бері теңге бағамы күрт құбылды. Экономист мұны соғыс салдарынан Ресейде туындаған қиындықтармен байланыстырған болатын.