Жаңалықтар

Алматылықтар таңғы 7-ден бастап жұмыс істеуі мүмкін

Алматылықтар таңғы 7-ден бастап жұмыс істеуі мүмкін / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласының тұрғыны Александр П. қалалық муниципалды қызметтер мен қоғамдық көлік жұмыс кестесін таңғы 7:00-ден кешкі 16:00-ге дейін ауыстыруды ұсынды. Бұл бастаманы тұрғын epetition.kz платформасында жариялады.

Өзінің петициясында Александр мұндай өзгеріс күндізгі жарық уақытын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті, себебі Алматыда күн ерте батады.

Автордың пікірінше, жұмыс күні ертерек басталса, тұрғындар үйге қараңғы түспей оралуға мүмкіндік алады. Әсіресе қыс мезгілінде, Алматыда кешкі 17:00-ге қарай қараңғылық түсетін уақытта бұл ұсыныс өзекті болмақ. Александр жаңа кестенің қала өмірінің сапасына әсерін бағалау үшін пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды.

Еске сала кетейік, уақыт белдеуін ауыстыруға қарсылық білдірген қазақстандықтар петиция жариялаған болатын. 60 мыңнан астам адам қол қойған бұл петицияны Сауда және интеграция министрлігі қабылдаудан бас тартты. Министрліктің мәліметінше, UTC+5 уақыт белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі.  

Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның бұрынғы уақыт белдеуіне көшу мәселесі тек 3 жылдан кейін ғана қарастырылатынын айтқан болатын.