Алматыда балаларға арналған үйірмелері мен секциялардың бағасы 60-80%-ға қымбаттайды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
балалар секциялары бағасы 60-80%-ға қымбаттайды / фото: shutterstock

Алматыда балалар үйірмелері мен секциялар бағасы 60-80%-ға қымбаттайды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі жаңа қаулы қабылдауы мүмкін. Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар ұйымдастыратын балалар үйірмелері мен секцияларына қатысу ақысын 60-80%-ға көтеру туралы құжат Ашық НҚА порталына жарияланды. Құжаттың қоғамдық талқылауы 6 қарашада аяқталған.

Қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов бағаның өсуін инфляциямен түсіндірді. Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап 2024 жылға дейін инфляция деңгейі 70%-дан асып кеткен.

2016 жылдың 22 желтоқсанында Алматы қаласының әкімдігі қабылдаған «Алматы қаласының білім басқармасының коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары көрсететін қызметтерге баға белгілеу туралы» қаулысы күшін жояды. Осы қаулыға сәйкес, музыка теориясы, ән айту және домбыра үйрету бағасы айына 5 000 теңге, шахмат – 6 000 теңге, фортепиано, хореография, көркем гимнастика, робототехника – 8 000 теңге, ал менталды арифметика – 15 000 теңге болып бекітілген еді.

Қаулы әділет органдарында тіркелгеннен кейін 10 күн ішінде күшіне енеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі «Даму бала» бағдарламасы бойынша секциялар мен үйірмелерге қатысатын балаларды FaceID бағдарламасы арқылы тексеріп отыратын жаңа жүйе енгізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз