Мәскеу соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге қатысты сот үкімінің күшін жойды. Бұл жайлы ресейлік басылымдар хабарлады.
Басылымдардың хабарлауынша, Мәскеу қалалық соты өшпенділік немесе араздықты қоздырды деп айыпталып, сырттай 6 жылға сотталған Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге қатысты сот үкімінің күшін жойған. Басылым хабарлауынша, іс қайта қаралады.
Сот барысында Врублевскийдің қорғаушысы экс-елшінің мәлімдемелеріне қатысты қылмыстық жаза қарастырылмайтынын алға тартқан. Ал мемлекеттік айыптаушылар бұрынғы үкімнің заңды екенін мәлімдеген.
Бұрынғы елші соғыстың алғашқы күндері «орыстарды көбірек қыруымыз қажет» деп мәлімдеген. Бұдан кейін оның үстінен Ресейде қылмыстық іс қозғалған болатын.
Елші мәлімдемесінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Врублевскиймен әңгіме жүргізгенін, дипломат мәлімдемесі үшін кешірім сұрағанын хабарлаған. Біраздан кейін Украина елшісінің қызметінен кететіні белгілі болды. Ресей тарапы Қазақстаннан дипломаттың елге кіруіне тыйым салуын сұраған. Бірақ Қазақстан тарапы оның елге кіруіне тыйым салынбайтынын жеткізді.
Ал 27 тамызда Петр Врублевскийге қатысты үкім шыққаны белгілі болды. Украина дипломатын Мәскеудің Басман аудандық соты сырттай 6 жылға соттаған болатын.