Жаңалықтар

Үкімет 2025 жылы ЛГБТ бірлестіктерінің жұмысына қатысты ғылыми зерттеу жүргізеді

Қазақстанда ЛГБТ мәселесі зерттеледі / Фото: Shutterstock, коллаж; бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкімет 2025 жылы ЛГБТ бірлестіктерінің жұмысына қатысты ғылыми зерттеу жүргізеді. Бұл жайлы депутат Ринат Зайытовтың депутаттық сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.

«Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа ықпал ету факторларын зерттеуде. Бұдан басқа, 2025 жылы осы мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған»,- делінген жауапта.

Премьер-министр Қазақстанда осындай үш ұйым бейресми жұмыс істеп жатқанын айтқан. Олар – «Калейдоскоп», «Feminita» және «KazFem» бірлестіктері. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл бірлестіктер осы жылы жергілікті атқарушы органдармен келіспей, топтық акциялар ұйымдастырған. Олардың бұл әрекетін құзырлы органдар Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу деп саралап, ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 2 белсендісін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Ал депутаттардың сұрауы бойынша, ЛГБТ бірлестіктерін экстремистік деп тануға негіз жоқ деп санайды. Сонымен бірге мұндай қадамды халықаралық ұйымдар теріс түсінуі мүмкін екені айтылған.

«Өз кезегінде ЛГБТ-қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін. Бірқатар елдердің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында «насихаттауды» шектейтінін атап өткен жөн, алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ»,- дейді прмьер-министр.

ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы жарияланған петиция бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобын құрған. Нәтижесінде комиссия «жасөспірімдер мен балаларды сексуалдық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы» петиция авторының талабын қанағаттандырған.

Бектенов бұл мәселені үкімет бақылауында ұстайтынын, барлық қажетті зерттеулер аяқталғаннан кейін осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылатынын хабарлаған.

Еске сала кетсек, премьер-министрге депутат Ринат Зайытов депутаттық сауал жолдап, ЛГБТ ұйымын экстремистік ұйым ретінде танып, Қазақстан аумағында тыйым салуды ұсынған болатын. Депутат мұндай бірлестіктерді «жауыз ұйым» деп бағалап, олардың қазақ жастарын азғындатып, ел болашағының тамырына балта шапқысы келетінін айтқан. Ал мұндай ұйымдарды экстермистік деп тануда, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» № 31 Заңының 1 бабын пайдалануды ұсынды.

Ал мұның алдында Қазақстан Ата-аналар одағының жетекшісі Бағила Балтабаева петиция жариялап, оған 50 мыңнан астам адам қол қойған болатын. Автор Өзбекстан мен Ресей секілді Қазақстанда да қатаң заң талаптарын енгізіп, ЛГБТ-ны насихаттауға заң негізінде тыйым салуды сұрады.