Песков Путин мен Трамптың телефон арқылы сөйлескенін жоққа шығарды
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің телефон арқылы АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамппен сөйлескені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлескені туралы БАҚ-та пайда болған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», деп мәлімдеген Песков.
Баспасөз хатшы екі президент арасында «ешқандай әңгіме болмағанын», бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат тарағанын айтқан.
Айта кетейік, бұған дейін The Washington Post басылымы Путин мен Трамптың бейсенбі күні телефонмен сөйлескені туралы ақпарат жариялаған. Басылым екі ел президенттерінің Украинадағы соғысты талқылағанын жазды. The Washington Post АҚШ президентінің Путинге соғыс өртін өршітпеуге кеңес беріп, америкалық әскерилердің Еуропада шоғырланғаны туралы ескерткенін хабарлады.
Басылым мәліметінше, АҚШ президенті Флоридадағы резиденциясынан бейресми түрде телефон шалған. Осы орайда басылым Трамптың президенттік міндетіне кіріспегені себепті, шет ел басшыларымен ресми түрде мәміле жүргізе алмайтынын нақтылаған.