Қазақстанда түйе сүтінің өндіріс артады. Осы мақсатта елге Қатардан сүтті бағыттағы түйелер жеткізілмекші. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Қатар елінен келген «Trust for Trading Co» компаниясының бас директоры Салех Джабер Аль Маримен кездескен. Кездесу барысында екі тарап өңірге сүтті бағыттағы түйелерді жеткізу мәселесін талқылаған.
«Инвесторлар Қатар елінен түйелерді алып келіп, бағуды, түйелерді жергілікті шаруаларға сатуды көздеп отыр. Әрі қарай, жоспар бойынша, шаруалар түйе сүтін Түркістан қаласында орналасқан «Golden Camel» зауытына өткізеді. Осы ретте, жергілікті шаруаларға жеңілдетілген несие қарастыру жайы да қозғалды»,- делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда елде «Golden Camel» зауыты жұмыс істеп жатыр. Зауыт өңір халқынан түйе сүтін 850 теңгеден қабылдап алып, өңдеп, өнімдерді Қытайға экспорттап жатыр. Енді өндірісті арттыру мақсатында сүт көлемін арттыру көзделген. Сол үшін Катардан сүтті мол беретін түйелер жеткізу мәселесі қарастырылуда.
Әкімдік өкілі бұл шаралардың өңір экономикасына оң әсер ететінін атапа өтіп, жобаға қолдау көрсетілетінін айтқан. Сонымен бірге, жобаға қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ететінін жеткізген.
Trust for Trading Co – Қатар мен Парсы шығанағы елдеріне мал мен ет экспорттаумен айналысатын ірі халықаралық компания. Оның Австралия, Түркия, Бразилия, Уругвай, Румыния және Иорданияда филиалдары бар. Сонымен біргеTrust for Trading Co Парсы шығанағы елдеріне, Иорданияға, Түркияға, Индонезияға және Вьетнамға ірі қара мен салқындатылған ет жеткізеді.
Айта кетейік, бұдан бөлек Қатар инвесторлары Қазақстанда 20 млрд долларға 9 ірі жобаны жүзеге асырады.