Жаңалықтар

«Астана моторс», «Mercur Autos»… Автодилерлер клиенттердің қалтасын қағу үшін қандай айла жасаған?

Кейбір тауарлардың бағасын 200%-ға дейін көбейткен/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Астана моторс», ««Orbis Auto», «Mercur Autos», «Toyota Tsusho Kazakhstan», «Автоцентр Ақтөбе», «Zhayik Motors», «Еуразия Моторс Шымкент» және басқа да компанияларға шара қолданды. Бұған көлік сатушы компаниялардың қосымша жабдықтар, аксессуарлар мен өзге де қызметтерді таңғаны түрткі болған.

Агенттіктің хабарлауынша, бұдан кейін көліктің жалпы құнын арттырып, тұтынушылардың таңдауын шектейтін мәжбүрлі сату тоқтатылған.

Айталық, 2022 жылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылған кезде жаңа көлікті тізгіндегісі келген қазақстандықтарға автодилерлер сигнализация, төсемше, дефлектор, картер қорғанысы және басқа да элементтерді қоса сатып алуға мәжбүр еткен. Ол кезде онсыз да жаңа көліктер бәріне бірдей жетпей тұрған-ды.

Автосалондар сатып алушылар осы опцияларды сатып алуды талап еткен. Оның бағасы 2 млн теңгеге дейін жеткен. Сонда көлікті жеткізу мерзімін алты айдан үш айға дейін қысқартып беріп отырған.

«Бұл көліктің соңғы құнының едеуір артуына әкеп соққан. Мәселен, Алматы қаласында Toyota ресми дилерлерінің бірі қосымша жабдықтармен сатқан көліктерінің саны 82 пайызға жеткен.  Қосымша жабдықтарының құны 3 млн теңге болып отыр. Кейбір тауарлардың бағасын 200%-ға дейін көбейткен», – дейді агенттік.  

Оның үстіне, кейбір автодилерлер клиенттердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруды да міндеттеген. Бұл Азаматтық кодекстің нормаларына қайшы.  

Сонымен қатар, ресми дилерлердің өзге қызмет көрсету орталықтарында мотор майын және өзге де материалдарды ауыстыруға тыйым салып,  сервистік қызмет көрсетуді де мәжбүрлі таңуы көп көздеседі.  

Өзге автосервистерден қызмет алса, осы жұмыстардың кесірінен көліктің бұзылған-бұзылмағанын растамай-ақ кепілдікті қызмет көрсетуден алып тастап отырған. Агенттіктің пікірінше, бұл – кәсіпкерлікпен адал айналыспау. Және дилерлердің әрекеті бәскелестікке кедергі жасап, нарыққа кері әсер етеді. Өйткені, бұл сатып алушыларды басқа жеткізушілерден қосымша жабдық сатып алу немесе қызмет алу мүмкіндігінен айырған. Бұл өзге детейлинг-орталықтардың, арнайы дүкендер мен сервис орталықтарының сату көлемін азайтады.

Салыстырмалы талдаулар  өзге жеткізіп берушілерде мұндай тауарлар мен қызмет түрлерінің орта есеппен 20-30%-ға арзан екенін көрсетіп беріп отыр.

Мұның алдында елімізде құрастырылған жеңіл көліктердің орташа бағасы 35%-ға қымбаттап жатқанын жазған едік.