Жаңалықтар

ADCB ислам банкі Өзбекстан мен Әзербайжан нарығына кірмек

Бас банк – Abu Dhabi Commercial Bank-ке тікелей қарайды/фото: Kursiv.media мұрағаты

ADCB ислам банкі Өзбекстан мен Әзербайжан нарығына кіруді жоспарлап отыр. Содан кейінгі меже –  Орталық Азиядағы басқа да елдердің нарығы.

Бұл туралы Қазақстандағы ADCB ислам банкінің СЕО-сы Гордон Хаскинс Интерфакс-Казахстан-ға хабарлаған.

«Біздің бизнесімізді барлық өңірлерде – бүкіл Кавказ бен Орталық Азияда кеңейту ниетіміз бар. Сондықтан осы өңірдегі басқа елдердегі мүмкіндікті қарастыра бастадық», – деді Қазақстандағы ADCB басшысы.

Гордон Хаскинстің айтуынша, Өзбекстан мен Әзербайжан елдері – бастапқы нысана. Қазірдің өзінде аталған қаржы институты бірқатар мәмілелермен жұмыс істеп жатыр.

«Қазақстандағы бір ұлттық компания үшін ірі мәміле жасауға небәрі бірнеше апта қалды. Біз басқасын да қарастырып жатырмыз», – деді Гордон Хаскингс.

Оның айтуынша, бұл ислам банкі Қазақстанда қайта құрылымдалған. Енді бас банк – Abu Dhabi Commercial Bank-ке тікелей қарайды. Бұдан кейін банк салымшылар үшін тартымды болған. Тоғыз ай ішінде депозиттер көлемі екі есеге – 32,6 млрд теңгеге дейін өскен.