Жаңалықтар

Шетелге кеткендер енді тегін дәрі ала алмайды

Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның ұйғарымы бойынша жүргізілген/фото: Kursiv.media мұрағаты

Шетелге кетіп қалған, бірақ  емханаларда тіркеуде тұрған соң, атына тегін дәрі беріліп жатқан азаматтар тіркеуден шығарылады. Мұндай азаматтар туралы мәліметтер автоматты түрде тіркелетін болды.  Бұл туралы Kazpravda.kz хабарлады.

Бұл үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы ақпараттық жүйені жетілдіріп отыр. Шетелге кетіп, сонда тұрып жатқан азаматтарға МӘМС бойынша дәрі-дермек рәсімделмейтін болды. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның ұйғарымы бойынша жүргізілген.

Былтыр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және оның аймақтық филиалдары жұмысының тиімдігіне мемлекеттік аудит жүргізілген еді. Сонда мұндай жағдайлар көп анықталған болатын. Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігіне шара қолдануға тапсырма берген-ді.

«Бүгінде «Бекітілген тұрғындар тіркелімі» ақпараттық жүйесі «Жеке тұлға» мемлекеттік мәліметтер базасынан  тікелей мәлімет алады. Ондағы мақсат – шетелде тұрып жатқанына байланысты азаматтарды медициналық мекемеден шығару», – делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде, 24 қарашадан бастап мұндай науқастарға рецептермен қамтамасыз ету және үзінді беру тоқтатылып отыр.

Осылайша, Жоғары аудиторлық палатасының ұйғарымының бірі орындалған. Денсаулық сақтау министрлігі қалған тапсырмалар бақылауда екенін мәлімдеді.