Астана соты журналистердің Мәдениет және ақпарат министрлігінің үстінен түсірген талап-арызын қанағаттандырмады

Жарияланды
Соттың ұйғарымынша, аккредитация ережесі конституцияда көрсетілген сөз бостандығын шектемейді/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астана қаласының Азаматтық істер бойынша ауданаралық соты Мәдениет және ақпарат министрлігінің үстінен түсірілген талап-арызды қарады. Онда бір топ елордалық журналист министрліктің бірқатар құқықтық актілерін, яғни бұйрықтарын заңға қайшы және жарамсыз деп тануды сұраған болатын.

Атап айтқанда, журналистердің аккредитациялаудың типтік ережесін бекіту туралы министр бұйрығының 4 тармағы, 11 тармақтың 1) тармақшасы дау тудырып отыр.
2024 жылдың 20 тамызында аталған ереже бекітілген болатын. Талап-арыз иелерінің пікірінше, бұл бұйрық заңсыз енгізілген. Ережеде аккредиттелген журналистердің міндеттері қарастырылған. Соның ішінде журналистке аккредитация алынған БАҚ-та ғана ақпарат таратуға рұқсат етілген. Осы талап бірнеше мәрте бұзылса, журналист тұрақты аккредитациядан айырылады.

Талап арыз берушілердің ойынша, бұл жайт сөз бостандығын шектейді. Ал министрлік болса, журналистерден материал жарияланатын барлық БАҚ-тардан аккредитация алуды талап етіп отыр.

Астана қаласының Азаматтық істер бойынша ауданаралық соты талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты. Соттың ұйғарымынша, аккредитация ережесі конституцияда көрсетілген сөз бостандығын шектемейді. Тек қана журналистердің ақпарат алу, тарату тәртібін реттейді. Оның үстіне, аккредитация рәсімдері барлық БАҚ-тардың тең дәрежеде ақпарат алуына бағытталған. Ережеде әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратуға тыйым салынбаған.

Сондай-ақ оқыңыз