Жаңалықтар

Қазақстан Орталық Азия елдерінен 11 млрд текше метр су алатын болды

2025 жылы оңтүстік дихандары судан тапшылық көрмейді/фото: shutterstock


2025 жылдың сәуір айына дейін еліміз Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына шамамен 11 млрд текше метр су келеді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық Азия елдерінің өкілдерімен келіссөздер барысында осындай келісімге қол жеткізіліп отыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздің атынан Түркіменстанның Ашхабад қаласында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысына қатысты. Бас қосуға Өзбекстанның, Тәжікстанның және Түркіменстанның су шаруашылығы басшылары келді. Қырғызстан аталмыш комиссияға бақылаушы ретінде қатысып отыр.

Отырыс кезінде қатысушы елдер Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріне жататын су қоймаларының жұмыс кестесін бекіткен.

«Қырғызстанмен су-энергетикалық ынтымақтастық туралы келісімдер іске асырылды. Биыл суару маусымында «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс кестесін үйлестіру іс-шаралары қабылданды», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының келесі отырысы 2025 жылы Душанбе қаласында өтпек.

Мұның алдында биыл Арал теңізіне 2 млрд текше метр су жіберілгені туралы жазған болатынбыз.