Ұлттық банк 2011 жылғы және 2023 жылғы өзгертілген дизайндағы 5 мың теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін 2025 жылдың 24 қыркүйегіне дейін ұзартты.
«Айналымда қатар жүру кезеңі аяқталған соң, 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап барлық банк пен Қазпоштада 3 жыл ішінде, ал ҚҰБ филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайды»,- деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкі.
Реттеуші банк айналымда қатар жүру кезеңінде жаңа үлгідегі және ескі үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы болып қалатынын еске салды. Бұдан бөлек, төлемдер мен аударымдар жасала береді, банк шоттарына аудару үшін елдің бүкіл аумағында олардың атаулы құны сақталады және қабылдауға жатады.
Айта кетейік, номиналы 5 мың теңге болатын «сақ стилі» жаңа сериясының банкноттары 2023 жылдың желтоқсанында шығарылды. Бастапқыда ескі және жаңа купюролардың қатар айналымда болу мерзімі 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін белгіленген еді.
Сондай-ақ 28 маусымнан бастап Ұлттық банк номиналы 10 мың теңге болатын «сақ стилі»сериясындағы банкноттарды да шығарады. Олар 2024 жылдың қыркүйегінде жаппай айналымға шығатынын хабарлаған болатын.