Бір жыл бұрын павлодарлық тұрғынға қарақшылық шабуыл жасап, артынша 200 мың теңге мөлшеріндегі мүлкін ұрлап кеткен қазақстандық ұсталды. Күдікті осы уақытқа дейін халықаралық іздеуде болған.
Бас прокуратура Қазақстан азаматын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресей Федерациясынан экстрадициялағанын хабарлады.
Ер адам былтыр тамыз айында Павлодарда біреудің мүлкін күш қолдану арқылы иемденіп алмақшы болған. Бұл іске ол өзінің танысын да тартып, екеуі бірігіп жасауға келіседі.
«Жоспарларын жүзеге асыру үшін күдіктілер түнгі уақытты пайдаланып, мас күйінде бұрын таныс болған жәбірленушіні қараңғы жерге апарып, есінен танып қалғанша ұрып-соғып, 200 мың теңге мөлшердегі мүлкін жымқырған. Көптеген дене жарақаттарының салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген»,- делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Осы жағдайдан соң сыбайласы ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал екінші айыпталушы ізін суытып үлгеріп, шетел асып кеткен. Содан бері оған халықаралық іздеу жарияланған.
«Ағымдағы жылдың сәуір айында ол Ресей Федерациясының Түмен қаласының аумағында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияландыҚазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- деп хабарлады ведомство.
Енді оның жасаған қылмысы үшін мүлкі тәркіленеді, сондай-ақ бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Бір ай бұрын Шахтинск қаласында мейрамхана иесіне 46 млн теңге залал келтірген азамат та Ресейден экстрадицияланған болатын.