Елдегі 264 кәсіпорынның қызметкерлері алдындағы қарызы 4 млрд теңгеге жуықтаған

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Шілде айында кәсіпорындардың жұмысшы алдындағы қарызы 2,9 млрд теңге болған еді / Фото: архив kursiv.media 

Қазақстандағы кәсіпорындардың қызметкерлері алдындағы қарызы тағы 1 миллардқа өсіп, 3,9 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ 7,1 мыңнан аса еңбек құқығының бұзылу дерегі анықталып отыр. Осындай мәлімет келтірген Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрлігі ұйымдар мен кәсіпорындарға жүргізілген тексеру нәтижелерін жариялады.

Еңбек инспекторларының мәліметінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша елдегі 264 кәсіпорын 17,8 мың жұмыскерге уақытылы жалақы төлей алмай отыр.

«Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 235 ұйғарым берілді және 46,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 16,5 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 3,1 млрд теңге төленді,»- делінген хабарламада.

Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақтамау фактілері де жиілеген. Мәселен, инспекторлар 4552 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 7149  өрескел бұзушылықтың барын анықтаған.

«Оның ішінде: еңбек саласында – 5 310; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 769; халықты жұмыспен қамту бойынша – 67. Жұмыс берушілерге 2 723 ұйғарым беріліп, 338,9 млн теңге сомасына 3 207 әкімшілік айыппұл салынды», деп хабарлады министрлік.

Осйлайша министрлік 31 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалғанын мәлім етті.

Соңғы 6 айда жұмысшыларға қарыз көлемі едәуір өсті

Айта кетейік, министрлік шілде айында 200-ге жуық кәсіпорын 11,2 мың жұмыскерге 2,9 млрд теңгеден астам сомаға қарыз екенін хабарлаған болатын. Жалақы бойынша берешектен бөлек түрлі ұйымдарда 5,6 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталған болатын.  

Ал наурыз айында 31 кәсіпорынның 1,6 мың жұмысшыға 700 млн теңге жалақы төлемегені анықталды.

2023 жылы кәсіпорындар жұмысшыларға 6,3 млрд теңге қарыз болған

Еске сала кетсек, 2023 жылы 940 кәсіпорын 24 мың қызметкерге 6,3 млрд теңгеден астам қарыз екені анықталған. Арнайы комиссияның жұмысынан кейін 22 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалған. Ұйымдардан 5,4 млрд теңге өндіріліп алынған. Ал 1 900 қызметкер 34 кәсіпорынан 910 млн теңге қарызын ала алмаған. 

Сондай-ақ оқыңыз