Tesla акциялары төртінші сессия қатарынан өсті, жыл соңында S&P 500 индексі қалай құбылмақ, STOXX 600 индексі жақсара түсті
Аналитиктер күрт қымбаттап жатқан Tesla акцияларының мақсатты бағасын көтерді. Ал Еуропада Дональд Трамптың талаптарына байланысты қорғаныс компанияларының құнды қағаздарына сұраныс арта түсті. S&P 500 индексі бойынша жаңартылған болжамдар оптимизмге толы. Бірақ АҚШ қор нарығы шамадан тыс қызып кетуі де мүмкін. Осы және өзге де тақырыптарды 11 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқи аласыз.
Tesla акциялары төртінші сессия қатарынан өсіп, аналитиктер мақсатты болжамды 400 долларға дейін көтерді
Tesla акциялары алдыңғы күні 7%-дан аса – 344 долларға дейін өсім көрсетті, ал Дональд Трамп жеңісінен кейін жалпы өсім 38,1%-ды құрады, деп хабарлады Market Watch. Құнды қағаздар 2022 жылдың сәуір айынан бергі ең жоғары деңгейде саудаланып, 2021 жылдың қараша айында тіркелген тарихи рекордқа ($381) жақындап келеді.
Айта кетейік, Tesla басшысы Илон Маск Трампты белсенді түрде қолдаған болатын. Ол – оның сайлауалды кампаниясының негізгі демеушілерінің бірі. Аналитиктер Трамп басқарған жылдары Tesla компаниясы айтарлықтай пайда көретінін алға тартып отыр.
Wedbush сарапшысы Дэн Айвз Tesla акцияларының мақсатты бағасын 33%-ға – 400 долларға дейін көтерді. Бұл ағымдағы деңгейлерден 15%-дық өсу әлеуетін білдіреді. Компанияның капиталы 106,2 млрд долларға өсуі мүмкін.
Дэн Айвздің пікірінше, Трамптың жеңісі Tesla үшін бірден пайда әкелмеуі мүмкін. Бірақ «Ақ үй» автономды технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ережелерді алдағы жылдары өзгертуі ықтимал. Трамп Tesla стратегиясының маңызды бөлігі саналатын толық автономды жүргізу бастамаларын жылдам бекітуі мүмкін.
JPMorgan: 2024 жылдың соңында S&P 500 индексі айтарлықтай өседі
JPMorgan аналитиктері жылдың соңғы кезеңі америкалық акциялардың қарқынды өсімімен ерекшеленеді деп санайды. «Меніңше, биылғы табыстылық 2016 жылға қарағанда жоғары болады», – деп жазды JPMorgan-ның АҚШ нарығын талдау бөлімінің басшысы Эндрю Тайлер клиенттерге арналған жазбасында.
Оның пікірінше, S&P 500 индексі үшін үлкен артықшылық – АҚШ-тан тыс жердегі – Қытай, Ұлыбритания, ЕО, Канада, Мексикадағы қор нарықтарының баяу өсуі. Тайлердің айтуынша, жоғары табыстылықты тек технологиялық компаниялар ғана емес, қаржы секторы да көрсетеді.
Дүйсенбі күні JPMorgan ғана емес, басқа да инвестициялық аналитиктер 2024 жылдың соңына қарай америкалық акциялардың раллиін болжады. Morgan Stanley Майк Уилсонның жетекшілігімен қаржы, өнеркәсіп және шикізат компаниялары акцияларының өсуі жалғасатынын мәлімдеді. Oppenheimer Asset Management компаниясының бас инвестициялық стратегы Джон Штольцфус жыл соңында S&P 500 индексі бойынша болжамын рекордтық 6 200 тармаққа дейін көтерді.
Yardeni S&P 500 индексінің 2025 жылға арналған мақсатты бағасын 7000 тармаққа дейін көтерді
Yardeni Research басшысы Эд Ярдени 2025 жылы S&P 500 индексі 7000 тармаққа, ал 2030 жылға қарай 10 000 тармаққа жетеді деп мәлімдеді. Дегенмен, ол АҚШ қор нарығы шамадан тыс қызып кетуі мүмкін екенін де ескертті, деп хабарлады Market Watch.
Сондай-ақ Yardeni компаниясы 2025 жылы S&P 500 бойынша акцияға шаққандағы пайда болжамын 275 доллардан 285 долларға дейін көтерді. Бұл болжам корпоративтік салық мөлшерлемесінің 21%-дан 15%-ға дейін төмендеуін негізге ала отырып жасалған. Мұны Дональд Трамп уәде еткен болатын.
Yardeni 2026 жылға арналған S&P 500-дің операциялық пайда болжамын да қазіргі 300 доллардан 320 долларға дейін арттырды.
Ярденидің пікірінше, қор нарығының жедел өсуі «Трамптың экономикалық саясаты нәтижесінде туындайтын ішкі инстинктке» негізделген. Сонымен қатар ол раллиді Ресей мен Украина арасындағы соғыстың және Таяу Шығыстағы қақтығыстың реттелуі ынталандырады деп санайды.
Сарапшы «тым оптимистік көңіл-күйге» алаңдаулы. Бұл «1990 жылдар стиліндегі дағдарыс» ықтималдығын 20%-дан 25%-ға дейін арттырады делінген есепте.
STOXX 600 индексі Еуропадағы қорғаныс компанияларының әлеуеті аясында өсе түсті
Дүйсенбі күні Еуропаның негізгі қор индексі алты аптадағы ең жақсы нәтижені көрсетті. Бұл ретте қорғаныс компаниялары Дональд Трамп таққа отырғаннан кейін Еуропадағы әскери шығындардың арту әлеуеті аясында көш бастады, деп жазды Reuters. Жалпы еуропалық STOXX 600 индексі 1,1%-ға өсті, көпшілік секторлар мен аймақтық биржалар да сауда-саттықты өсіммен аяқтады.
Италиялық Leonardo, немістің Hensoldt, Rheinmetall және Renk, сондай-ақ шведтің Saab компаниялары 3,5%-дан 5,8%-ға дейін өсті, ал қорғаныс компанияларының кең индексі 2,6%-ға жақсарып, рекордтық деңгейге жетті. Еуропалық нарықтағы оптимистік көңіл-күйді Уолл-стриттегі рекордтық өсім де қолдады.
Инвесторлар Еуропаның қорғаныс компанияларына белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Себебі Трамп АҚШ-тың Украинаға әскери қолдауын қысқартатынын және НАТО мүшелері ЖІӨ-нің 2% немесе одан да көп мөлшерін қорғанысқа жұмсауы керектігін ескертті.
«Соғыстың нәтижесі қандай болса да, НАТО бюджетіне қатысты қаржылық міндеттемелерді арттыру қажет болуы мүмкін. Бұл әскери келісімшарттардың көбеюіне ықпал етеді», – деп атап өтті Hargreaves Lansdown компаниясының қаржы және нарықтар бөлімінің басшысы Сюзанна Стритер.