Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы республикалық бюджеттің биыл 9 айдағы жай-күйін талдап, Қазақстан үкіметін Ұлттық қор қаражатын күмәнді мақсаттарға жұмсау мен мемлекеттік мүлікті «мұнай қорына» сатуды тоқтатуға шақырды.
Қауымдастық сарапшылары өз шолуында ең алдымен ел бюджетіндегі дағдарысқа назар аударған. 2024 жылы қазынаға салық жоспардан айтарлықтай кем түскені белгілі: жоспар тек 52%-ға орындалды. Бюджет тапшылығын үкімет Ұлттық қор қаражаты есебінен жапты. Нәтижесінде биыл қордан алынған қаржы 6,1 трлн теңгеге жетіп, ал бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгеге дейін өсті.
9 айда республикалық бюджеттің қосылған құн салығы бойынша жоспары – 519 млрд теңгеге, ал корпоративтік табыс салығы бойынша болжамы 209 млрд теңгеге кем орындалды. Айта кетейік, қосылған құн салығы – бюджетке түсетін негізгі салықтардың бірі.
Жергілікті бюджеттерге салық жоспардан артық түскенімен бұл республикалық бюджет тапшылықты жабуға жеткіліксіз. Сондықтан Ұлттық қордан қосымша алыған қаражат екі триллион теңгеге артты.
«Ұлттық қордан қомақты қаржы алу – 2029 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу міндетін қиындатады және оның активтерінің тек инвестициялық табысқа тәуелді отып отыр. Биыл инвестициялық табыс шамамен 2,8 трлн теңгені құрады. Инветтабыстың жоғары болуына қор нарықтарының өсуі, жоғары пайыздық мөлшерлеме мен валюта айырбас бағамы себеп, Алайда, нарықтағы жағдай өте құбылмалы болғандықтан, бұл факторлар тұрақты емес», – дейді сарапшылар.
Сонымен қатар, мемлекеттік бюджет шығыны 9,3%-ға артып, кіріс бөлігінен 24%-ға асып түсті.
Ұлттық қордан бөлек, бюджет тапшылығын жабуға мемлекеттік қарыз тартылды. Бұл қарызға қызмет көрсету және өтеу шығынын 3,7 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін көбейтіп жіберді. Ал мемлекеттік қарыздың өзі 30,6 трлн теңгеден 32,2 трлн теңгеге жетті. Сарапшылардың тұжырымдауынша, бұл жайт Қазақстанның егемен рейтінгіне теріс әсер етуі ықтимал.
Сонымен қатар, ҚҚҚ «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сату сияқты «күмәнді схемалар» арқылы мемлекеттік мүлікті Ұлттық қорға сатуды тоқтатуды ұсынды.
«Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді шектеу және оларды парламентпен келісе отырып бөлу – маңызды шарт, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті Ұлттық қорға сату тәжірибесін тоқтату қажет», – деп атап өтті Қауымдастық.
Қаржыгерлердің пайымдауынша, бюджетке қаржы керек болғанда үнемі Ұлттық қорға жүгіну – мемлекеттік шығын мен тұтынуды арттырып, экономиканы «қызып кетуге» мәжбүрлейді. Сондықтан сарапшылар мұндай тәжірибені тоқтататын уақыт жеткенін айтады.
Сарапшылардың пікірінше, Салық кодексінің қазір ұсынылып жатқан жобасы бюджет тапшылығын жабуға мүмкіндік бермейді. Олар «түбегейлі шаралар» қабылдап, Салық кодексінде батыл өзгеріс енгізуді ұсынады.
Салық кодексінің жобасы қазір парламентте қаралып жатыр. Құжат 2025 жылы қабылдануы тиіс. Жобада банктер мен ойын бизнесі үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін 25 пайызға дейін көтеру және бірқатар салық жеңілдіктерін жою ұсынылған.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, осы шаралардың арқасында бюджетке жыл сайын қосымша 1,3 трлн теңге түспек. Алайда сарапшылар республикалық бюджет тапшылығын жабуға жетпейді деп тұжырымдайды.
«ҚҚС республикалық бюджетте (бүкіл салықтың 44%-ы) шешуші рөл атқарады және оны қайта қарамаса, бюджет толмайды. Мысалы, Халықаралық валюта қоры Қазақстанға ҚҚС-ты көтеруді бірнеше рет ұсынған», – деп атап өтеді қаржыгерлер.