KEGOC компаниясы 9 айда 47 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

KEGOC акционерлік қоғамының таза пайдасы 64%-ға өсті. 2024 жылдың 9 айында компания 47 млрд теңге табыс тапқан. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде «KEGOC» АҚ таза табысы 28,63 млрд теңгені құраған болатын.

Жыл басынан бері компанияның түсімі де артқан. Былтыр 9 айда оператор 172,9 млрд теңге түсім алса, биыл түскен қаржы 232,4 млрд теңгені құрады. Бұл қаржының 208,5 млрд теңгесі қазақстандық сатып алушылардан түскен. Ал ресейлік тұтынушылардан 22,4 млрд теңге түсті. Ал операциялық табысы 59,2 млрд теңгені құрады.

Ұлттық оператордың активтері жыл басынан бері 19,17 млрд теңгеге немесе 19,1%-ға, 1,02 трлн теңгеге дейін өсті.

Компанияның міндеттемелері 5,98 млрд теңгеге немесе 1,9%-ға азайып, 310,08 млрд теңгені құраған. Оған себеп – компанияның ұзақмерзімді міндеттемелерінің азаюы. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 5,49 млрд теңгеге қысқарған.

KEGOC 2024 жылдың І жарты жылдығына 22,7 млрд теңге дивиденд төлеген болатын.

Компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» қоры, ол ұлттық оператордың 85% акциясына иелік етеді. Қалған 15 пайызы 2014 және 2023 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында нарыққа шығарылған.

Сондай-ақ оқыңыз