Банк пен қаржы

Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңес құрамын өзгертті. Жаңа тізімге кім енді?

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамын өзгертті. Министр Мади Тәкиевтің бұйрығымен Қаржы министрінің бұрынғы орынбасарлары кеңестен шығарылып, өзін-өзі ұсынған Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Құсайынов енген.

2022 жылы бекітілген тізімде сол кезде Қаржы вице-министрі болған Марат Сұлтанғазиев, Данияр Жаналинов және Бақтияр Қожахметов бар еді. 2024 жылдың 11 қарашасындағы бұйрық негізінде олар қоғамдық кеңес құрамына шығарылып, орнына қазіргі вице-министрлер: Дәурен Темірбеков пен Ержан Біржанов, аппарат басшысы Ерғали Егемберді енген. Сонымен қатар, вице-министр Абзал Бейсенбекұлы мен департамент басшысы Қайрат Орынханов та тізімде.

Қаржымин шенеуніктерінен бөлек, қоғамдық кеңес құрамында коммерциялық емес ұйым өкілдері мен өзін-өзі ұсынушылар бар. Бұған дейін коммерциялық емес ұйымның 3 өкілі болса, жаңа тізімде қатары көбейіп, беске жеткен. Олар: Ақан Арыстан («Аудиторлар палатасы» вице-президенті), Максим Барышев («Учет» ұйымының басшысы), Жаннат Ертілесова («Жаңа Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы» басқарма кеңесінің төрағасы), Назгүл Естеусізова («Қазақстан ұлттық коллекторлар палатасы» ЗТБ төрағасы), және Талант Омарбеков («ҚР Жобалаушылар одағы» кеңесінің төрағасы»).

Қоғамдық кеңес құрамындағы өзін-өзі ұсынушылардың қатары азайған. Бұған дейінгі тізімде 9 адам болса, жаңа бұйрықта 5 кісінің аты-жөні жазылған.

Өзін-өзі ұсынушылар қатарында Жанар Жандосова («Сандж» зерттеу орталығының жетекшісі), Еркеғали Еденбаев («Астана» қаржы орталығының департамент директоры), Рустам Жүрсінов (Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы), Мұқаш Ескендіров (Мәжіліс депутаты) және Ғалым Құсайынов (Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің төрағасы) бар.

Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңес – Қаржы министрлігі құратын, кеңес беруші, бақылаушы орган.